Еуропалық парламент делегациясы «Нұр Әлемді» аралады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -«Қазақстан Республикасы - Еуропалық одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Ивета Григуле бастаған Еуропарламент делегациясы Қазақстандағы ресми сапары аясында «Нұр Әлем» - «Болашақ энергиясы» мұражайына келді. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК баспасөз қызметі хабарлайды.

Жоғары мәртебелі қонақтарға павильонның тақырыптық экспозицияларын, сондай-ақ, ел экономикасының түрлі салаларын «цифрландыруына», жаңа технологиялар мен инвестициялар тартуға және жаңартылған энергия көздеріне көшуге айтарлықтай үлес қосуға қабілетті ЭКСПО-2017 нысандарын көрмеден кейін пайдалану тұжырымдамасымен таныстырды.

Қазіргі таңда көрме аумағында АХҚО, «Astana Hub», Халықаралық жасыл технологиялар орталығы, IT-университеті сияқты ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Еуропарламент депутаттарын көрмеге келушілермен тікелей қарым- қатынаста болатын интерактивті экспонаттар ерекше таңдандырды.

«Біз қуаныштымыз! Менің ойымша бұл көрмені барлық адам келіп өз көздерімен көруі қажет, себебі «Нұр Әлем» павильоны тек әдемілігімен ғана емес, сонымен қатар ақпараттық танымдылығымен де қызықты. Ғарыш энергиясына арналған қабатты ерекше атап өткім келеді. Планетарий маған қатты әсер еткені соншалықты мен сәл кідіріп, өз әріптестерімнен қалып та қойдым», - деп атап өтті Еуропарламент депутаты Иоахим Целлер.

Қазір ұлттық компания оның мазмұнын жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр, мұнда әр түрлі білім беру, танымдық іс-шаралар  және мектеп оқушылары мен студенттерге арнап «ашық» сабақтар өткізіледі.

«Павильонның әр қабатында ұлттық рух байқалады. Менің ойымша бұл шет елдіктер үшін де, ең кішкентай көрермендер үшін де танымдылыққа толы қызық. Себебі, өз ұлтының мәдениеті мен дәстүрлерін жастайынан үйрету қажет», - дейді Иветта Григуле ханым.

Экскурсия соңында Еуропарламент делегациясы ұлттық компанияның  ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі мұрасын тиімді пайдалану және дамыту саласындағы қызметін жоғары бағалады.

Соңғы жаңалықтар