Еуропалық Одақ пен Қазақстан қаржылық келісімге қол қойды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Еуропалық Одақ пен Қазақстан қаржылық келісімге қол қойды. Меморандум Алматыда өтіп жатқан «Еуропалық Одақ – Орталық Азия екінші экономикалық форумы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Стратегиялық әріптестіктің Жол картасымен алмасу рәсімін ҚР Премьер Министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис өткізді.

«Сауда саттық өндірісі және жасыл энергетика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында пікір алмастық. Тауарларды жеткізудің жаһандық тізбегін қамтамасыз ету үшін халықаралық көлік маршурттарын дамытудың маңызы зор. Бұл ретте, Еуропалық Одақтың «Транс Каспий» халықаралық көлік бағытын дамыту шараларын қадағаладық. Былтыр қараша айында, ЕО комиссия президентімен стратегиялық әріптестік меморандумға қол қойғанбыз. Осы меморандум шеңберінде аса маңызды шикізат түрлері, аккумуляторлық батареялар және жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері қарастырылған. Бұдан бөлек, Еуропалық Одақ тұрақты экономикалық өсімді және құқық үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында 9 млн евро бөледі»,- деді Әлихан Смайылов.

Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Бізде екіжақты ынтымақтастық бар және ол қарқынды дамып келеді. Қазақстан – стратегиялық серіктес. Біз бұдан да қарқынды ынтымақтастықта жұмыс істегіміз келеді, бұл экономикаға да, саудаға да қатысты. Қазір ЕО пен Қазақстан арасында екіжақты келісімдер жасалды. Біз қаржылық келісімге қол қоямыз. Бұл атмосфераға көмірқышқыл газының шығарылу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бізде ЕО мен Қазақстан арасындағы тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жасыл сутегі қосылған құн тізбегі саласындағы стратегиялық серіктестіктің жол картасы бар», - деді ол.

Құжаттарға қол қойылғаннан кейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис Жол картасымен алмасты.

Құжатта, ЕО және Қазақстан Республикасы арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған шикізат, аккумуляторлық батареялар және жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері қаралған.


Соңғы жаңалықтар