Еуропалық одақ Орталық Азияның сенімді серіктесі болуды жалғастырады - Валдис Домбровскис

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Жаңаратын энергия көздеріне көшуге екпін қою керек. Бұл туралы Бішкекте «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумында Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасында серіктестікті нығайтуға мүдделіміз. Осы орайда кәсіпорындардың тұрақтылығын көтеру үшін бизнесті қолдауға екпін қою маңызды. Орталық Азия мемлекеттері пандемиядан кейін экономика салаларын қалпына келтіру ұстанымдарын ілгерілетуде жоғары әлеуетке ие. Бұл тұрғыда Еуропалық одақ әлемде Орталық Азияның сенімді серіктесі болуды жалғастыра береді. Біз сіздердің КВИ салдарымен күресте күш-жігерлеріңізді қолдаймыз», - деді В. Домбровскис.

Бұл бағытта ол ЕО қаржылай қолдау жасауға әзір екенін жеткізді.

«Тиімділікті артыру үшін денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға ерекше мән берілген жөн. Ковид індеті мәселесімен қатар, біз (Орталық Азия өңірінің) Ауғанстандағы ахуалға байланысты сіздердің алаңдатып отырған мәселелерді жақсы түсінеміз. Осы орайда аталған күрделі жағдайды реттеуде Орталық Азия елдерімен бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. Сонымен қатар, ауған халқын қолдауға дайынбыз», - деді Еуропалық комиссияның вице-президенті.

Бұдан бөлек ол көміртек өнімді модельден бас тарту керек екенін және жаңаратын энергия көздеріне көшуге екпін қоюдың маңыздылығын атады. Зиянды ластағаш заттарды қысқарту үшін ЕО көміртек үлесі аздау өнімдерді импорттайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Бішкекте Премьер-Министрлер деңгейінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы басталды.

Бүгін Бішкекте ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскиспен кездесті.



Соңғы жаңалықтар