Еуропалық одақ COVID-19-дан «вакцинация төлқұжатын» енгізбек

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен Еуропалық одаққа мүше барлық ел мойындаған вакцинация туралы сертификатты енгізуді жақтап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«Вакцинация туралы сертификаттың болуы міндетті түрде қажет. Бұл медициналық қажеттілік», - деді У.Ляйен Португалия Премьер-Министрі Антониу Костамен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихаты барысында.

Дегенмен, Урсула фон дер Ляйен пікірталастар барысында мұндай құжатты енгізу кезінде адамның қандай құқықтары зардап шегуі мүмкін екендігін талқылау керектігін айтты.

Қазірдің өзінде ЕО-ға мүше бірқатар мемлекет мұндай «вакцинация төлқұжатын» енгізу кемсітушілік шарасына айналуы мүмкіндігін ескерткен болатын. Өйткені, мұндай төлқұжатқа ие азамат Еуропа елдерін еркін саяхаттау мүмкіндігіне болса, вакцинация алу кезегінде тұрғандар ондай құқықтан қағылады. Алайда одақтың кейбір мемлекеті бұл жобаны туризмді жаңғырту және пандемия кезінде елдер арасында саяхаттаушылардың қозғалысын жеңілдету үшін ілгерілетіп отыр.

«Барлық уақытта әділ теңгерім табуға болады. Мәселен, вакцинация алмағандар үшін коронавирусқа арналған тестің теріс нәтижесін сертификатпен біріктіруге болар еді», - деп ұсыныс жасады У.Ляйен.

Айта кетейік, 21 қаңтар күні ЕО Үкімет басшылары бейнеконференция барысында кездесіп, коронавирус дағдарысымен байланысты соңғы жайттарды және вакцинация төлқұжатын енгізу мүмкіндіктерін талқылайды.


Соңғы жаңалықтар