Еуропадағы коронавирус: Сарапшылар неге алаңдап отыр

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың 21 қарашасындағы жағдай бойынша, Еуропалық Одақ пен Ұлыбританияда коронавируспен науқастанғандардың жалпы саны 11 752 298 құрап отыр.

Инфекциядан барлығы 288444 еуропалық қайтыс болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Науқастар саны бойынша көш бастап тұрған Франция (100 мың адамға шаққанда 667 жағдай), Испания 485 және Ұлыбритания 490 болып отыр.

Нидерланды сарапшыларының пікірінше, пандемияның экономикаға тигізер залалы әсіресе келесі жылдың екінші тоқсанында байқалады. Бұл кезде әлем елдері бұрынғыдай қалыпты жағдайға келуге вакцина көмектеседі деген үмітпен кронавируспен күрес шараларына мемлекет тарапынан қолдауды тоқтата бастайды.

Дағдарыстың ықтимал салдары бойынша PwC консалтинг компаниясы мен Лейден университеті жүргізген сауалнамаға банк, заң, инвестиция салалары бойынша 102 эксперт қатысты. Олардың 47% 2021 жылдың сәуір, мамыр, маусым айларында банкротқа ұшырайтындар саны күрт артады деген болжам жасап отыр.

Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі жағдайдың бұлай болуына коронавируспен күрес шаралары әсер етеді деген пікірде, 15% бұл проблеманы қаржыландыру көлемінің аздығымен байланыстырады, 11% қаржылық қиындықтарға менеджменттің дұрыс жүзеге асырылмауы себеп болып отыр деген ойда.

«Қазіргі таңда мемлекеттік қолдаудың арқасында айдарынан жел есіп тұрған кәсіпкерлер проблемаларға тап болуы мүмкін»,-дейді есеп авторларының бірі Эдвин ван Вейнгаарден.

«Қазір салық кейінгі қалдырылып, жаңа қаржыландырудың нәтижесінде олардың қарыздары көбейіп жатыр. Әңгіме олар алдағы уақытта сол қарыздарын жаба алады ма деген мәселеге келіп тіреліп тұр. Мысалы: үйден жұмыс істеу, интернеттен сатып алу сияқты шарттар көптеген компаниялардың бұрын үйреніп қалған әдеттерін өзгертуге мәжбүрлейді»,-дейді Эдвин ван Вейнгаарден.

Берлинде көптеген мигранттар пандемия салдарынан жұмыс таба алмай, өз қоныстарында әлеммен байланыстан ажырайды. Германияның арнайы орталықтарында 20 000 босқын өмір сүріп жатыр.

«Бұрын біздің тұрғындар неміс тілі сабағына барып тұратын»,-дейді Мигранттарға арналған Берлин орталығының директоры Петер Херманс.

«Қазір ол мүмкін емес. Кейбіреулерге интернет арқылы жұмыс істеу қиынға соғып, олардың жүйкесі сыр беріп жатады. Францияда таяуда жүргізілген зерттеулер егер Covid-19-ға қарсы вакцина жалпыға бірдей қолжетімді болғанда, оны француздардың 54% ғана алуға ниетті екенін көрсетті. Бұл сауалнама жүргізілген ЕО елдерінің арасындағы ең төменгі көрсеткіш.

«Жалпы алғанда француздар вакцина қабылдауға аса құлықты емес»,-дейді Францияда вакцинаға қатысты тұрғындардың көңіл күйін зерттеген әлеуметтік ғылымдар профессоры Антуан Бристиль.

«Бұл жерде вакцинаға деген көзқарас жас ерекшелігіне де байланысты. Жасы үлкен адамдар вакцина қабылдауға дайын. Сондай-ақ гендерлік факторлар да бар. Вакцинаға ерлерге қарағанда әйелдер сенімсіздеу қарайды. Мұндай көзқарастың қалыптасуының маңызды себептерінің бірі саяси институттар мен ғалымдарға деген сенімсіздік»,-дейді сарапшы.

Зерттеу жұмыстары пандемияны тоқтату үшін француздардың 80% вакцина салдыруы керек екенін көрсетті. Кейбір Франция саясаткерлері вакцинаны міндетті ету керек деп отыр.


Арнұр Рахымбеков


Соңғы жаңалықтар