Еуропада коронавирус жұқтыру жағдайлары күрт артты
2022 жылғы 24 маусым 14:31

Еуропада коронавирус жұқтыру жағдайлары күрт артты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропа елдерінде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары артып келеді. ҚазАқпарат бұл туралы Қазақстанда COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаздың басталуымен коронавирустың «омикрон» нұсқасы мен оның жаңа формаларының өршуі күтіледі. Статистика мәліметтеріне арналған «Our World in Data» сайтындағы дерекке сүйенсек, Португалия, Германия, Франция, Италия, Испания, Греция, Дания және Нидерландта вирусқа шалдығу жағдайлары күн санап артып келеді.

Португалия мамыр айының ортасынан инфекцияның өсімімен күресуде. Еуропа елдері арасында мұнда инфекцияны жұқтырудың апталық көрсеткіші ең жоғары. «Омикронның» жаңа – BA.5 нұсқасы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына себеп болып отыр. Португалияда науқастардың 90% вирустың осы түрі анықталған.

Сондай-ақ Португалияда соңғы аптада өлім-жітім де артты. «Our World in Data» мәліметіне сәйкес, Батыс Еуропаның барлық елдері арасында халық өлімі Португалияда ең жоғары.

Германияда 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылықтың апталық көрсеткіші 400-ден асады. Роберт Кох атындағы институт соңғы тәулік ішінде коронавирусты жұқтырғандар саны тағы 119 мың адамға артқанын хабарлады. Бұған инфекцияның BA.4 және BA.5. нұсқалары себеп болуы мүмкін. Бірақ институт басшысы орынбасарының айтуынша, қорғану шараларын алып тастау коронавирусқа қатысты ахуалды нашарлатуы мүмкін.

Италияда аурудың апталық индикаторына сәйкес, науқастардың саны күрт артты. Италия Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, індет екінші апта қатарынан өршіп келеді. Вирустың таралу жылдамдығы тағы да эпидемия деңгейіне жетті.

Айта кетейік, Қазақстан аумағында да коронавирус жұқтырған науқастар саны көбейіп келеді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT