Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны артты

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны артты. Франция Covid-19 вирусын жұқтыру жағдайының рекордтық көрсеткішке жеткенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Би-Би-Си агенттігіне сілтеме жасап.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 28,7 млн адам Covid-19 жұқтырып, 920,8 мың науқас қауіпті індеттен көз жұмған, 19,4 млн адам сауығып кеткен.

Сенбі күні француз билігі бір тәулікте 10561 адамның вирус жұқтырғанын хабарлады. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткіштен 1000 адамға көп. Сондай-ақ Covid-19 диагнозымен ауруханаға, жансақтау бөліміне түскен науқастар да көбейген.

Осыған қарай Францияның медицина саласының белді мамандары халықты жеке кездесулерден аулақ болуға шақырды.

Маусым айынан бері Францияда ауру жұқтыру деңгейі барлық жастағы адамдар арасында өсті, бірақ билік бұл өсім әсіресе жастар арасында көп екенін айтып отыр.

Франция індетке шалдығушылар өсімі байқалған жалғыз еуропалық ел емес.

Құрлықтағы билік наурыз айында енгізілген қатаң карантиндік шараларды жеңілдете бастағанда, ауру жұқтырғандардың саны біртіндеп өсті, ал тамыз айында айтарлықтай артты.

Сенбі күні Франция ауруханасына коронавирус диагнозы қойылған 2432 пациент түсті. Олардың 417-сі жансақтау бөліміне орналастырылды. 17 адам көз жұмды. Жалпы алғанда елде пандемия кезінде қайтыс болғандар саны 30 мыңнан асты. Франция қайтыс болғандар саны бойынша әлемде жетінші орында.

Еуропаның өзге де елдеріндегі жағдай

Бірқатар Еуропа елінде коронавирус өршіп тұр.

Жексенбі күні Чехияда үш күнде 1541 адам вирус жұқтырып, рекордтық көрсеткіш тіркелген.

Көршілес елдер Чехиядан кіруге шектеулер енгізе бастады.

Сәрсенбіден бастап Германия Прагадан келушілердің барлығынан коронавирусқа тапсырылған тест нәтижесін талап ететін болады.

Өткен бейсенбіде Испанияда бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 10764 адамға жеткен.

Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі жағдай тұрақталып келеді деп мәлімдеп отыр. Испания Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны бойынша бірінші орында. Пандемия басталғаннан бері бұл елде 566,3 мың адам ауырып, 29,7 мың адам қайтыс болды.

Испан тағының 14 жастағы мұрагері Ханшайым Астурийская Леонор сыныптастарының бірінен Covid-19 диагнозы расталғаннан кейін карантинге жіберілді. Енді Мадридтің Санта-Мария-де-лос-Росалес мектебінің барлық оқушылары коронавирусқа тест тапсыруы керек.

Ұлыбританияда демалыс күндері вирус жұқтырғандар саны 4 мыңнан асты. Елде адамдардың көптеп жиналуына қайтадан тыйым салынды. Англия мен Шотландияда енді 6-дан көп адамның жиналуына тыйым салынды.


Соңғы жаңалықтар