Еуропада коронавирус салдарынан алғашқы адам қайтыс болды

None
None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат – Коронавирус жұқтырған қытайлық турист Францияда көз жұмды. Бұл Азиядан тыс жердегі жаңа коронавирустан қайтыс болған алғашқы адам, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС News-қа сілтеме жасап.

Францияның Денсаулық сақтау министрі Аньес Бузиннің сөзіне қарағанда, Қытайдың Хубэй провинциясынан келген 80 жастағы әйел коронавирустың құрбаны болған.

Бузиннің айтуынша, қытай азаматшасы Францияға 16 қаңтар күні келіп, 25 қаңтарда Париж емханаларының біріне карантинге жатқызылған.

Бұған дейін, коронавирустан құрлықтық Қытай шекарасының сыртында тек Гонконг, Филиппин және Жапонияда өлім жағдайлары тіркелген еді.

Дегенмен, Қытайда вирус салдарынан 1500-ден аса адам қаза тапты. Олардың көпшілігі жаңа коронавирус ошағы – Хубэй провинциясында тіркелді.

Тағы 2641 адам коронавирус жұқтырып, Қытайда індетке шалдыққандардың жалпы саны 66 492-ге жетті.

Бұрынырақ Франция елде ресми атауы Covid-19 вирусын жұқтырған 11 адам тіркелгенін хабарлаған. Мәлімдеме жасалған сәтте індет жұқтырған алты адам емханада қалды.

Бузиннің сөзі бойынша, көз жұмған әйелдің қызы да коронавирус жұқтырыпты, бірақ оның жағдайы жақсарып келе жатыр.


Соңғы жаңалықтар