Еуропада коронавирус рекорды күн өткен сайын жаңарып жатыр
2021 жылғы 30 желтоқсан 09:01

Еуропада коронавирус рекорды күн өткен сайын жаңарып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропалық Одақ елдерінде коронавирус рекорды жаңарып жатыр. Францияда соңғы тәулікте 208 мың вирус жұқтыру жағдайы тіркелді, сарапшылар қаңтардың басында бұл көрсеткіш 250 мыңға дейін өседі деп қорқады. Сонымен қатар Дания мен Португалияда жұқтыру жағдайлары күрт көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келесі жылдың ортасына дейін әлем елдерінің 70%-ын вакцинамен қамту үшін күш салуда.

Оған ұйымның бас директоры Тедрос Адан Гебрейесус шақырады.

«Омикронның жұқпалырақ екеніне қарамастан, дельтамен бірге таралып жатқандығы алаңдатады. Салдарынан медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау жүйелеріне үлкен салмақ түсуде», - деді ол.

Германияның денсаулық сақтау министрі Карл Лутербахтың айтуынша, қазіргі кезде жұқтыру жағдайларының барлығы анықталып жатқан жоқ, негізінде вирус жұқтырғандар саны деректердегі көрсеткіштерден едәуір көп.

«Шын мәнінде жұқтыру жағдайлары екі немесе үш есе көп. Сонымен қатар вирустың омикрон штамын жұқтыру жағдайлары артуда, бұл да қатты алаңдатады», - деді министр.

Грекияда қаңтарға жоспарланған жаңа шаралар уақытынан ерте енгізіліп жатыр, себебі сейсенбі күні елде 21 мың жұқтыру жағдайы тіркелеген.

Бұл бір күн бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп.

Испанияда да вирус жұқтырғандар қатары күрт көбейді, бір тәулікте 100 мың адам вирус жұқтырған.

Алайда ел билігі жұмысшылар тапшылығын болдырмау мақсатында оқшаулау уақытын он күннен жеті күнге азайтқан.


Jańalyqtar

MURAǴAT