Еуропада Қазақстандағы шытырман оқиғалы туризм туралы фильм көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның шытырман оқиғалы туризмінің (adventure tourism) мүмкіндіктері туралы роликтің түсірілімі және осыған байланысты мототур аяқталды. Бұл туралы «Kazakh Tourism» компаниясы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаға Exponential Kazakhstan компаниясы мұрындық болып отыр. Компания Kazakh Tourism және ҚР Ұлттық музейінің қолдауымен осы жобаға эндуродан (мотокросс) әлем чемпионы, испаниялық Джозеп Гарсияны тартты.

«Кеше түсірілім тобының Қазақстанға жасаған 20 күндік саяхаты аяқталды. Алтынемел, Шарын, Көлсай көлдері, Іле Алатауы сияқты табиғат парктерін, Ақмола және Алматы облыстарының, Алматы қаласының көрікті жерлерін, Нұр-Сұлтандағы Ұлттық музейді, Бәйтерек, болашақтың «Нұр Әлем» музейін, Ханшатырды түсірдік. Сарыарқа өңірінде эстафетаны танымал мототриалшы, 2018 жылғы әлем чемпионы Джерони Фахардо @JeroniFajardo қабылдап алды. Алматы облысы мен Алматыдағы түсірілімді мотокросстан биылғы әлем чемпионы @josepgarcia26 жүргізді», - делінген компанияның Facebok-тегі парақшасында.

Еуропадан келген қонақтар Бурабайға барып, сұлу Көкше өлкесінде табиғат аясында тамаша кадрлар түсірді.

Елордаға оралған соң Ұлттық музейдің 5 жылдығына орай Джерони Фахардо мотоцикл мінуден шеберлік сабағын өткізді. Одан әрі бір топ мотобайкерлермен қала қыдырып кетті. Танымал мототриалшы Ханшатырдың алдында сауда орталығына келгендерді өнерімен тәнті етті. Күн соңында түсірілім тобы «Нұр-Әлем» павильонына барып, соның алдында мотоциклмен асыр салды.

Жоба басшысы Флориан Бехрендтің айтуынша, фильм биыл қысқа қарай Еуропаның басты спорт телеарналарында көрсетіледі.

Осы жоба Қазақстанның туристік әлеуетін Еуропа елдеріне таныту мақсатын көздейді.

Айта кетейік, жобаны мемлекет қаражатынсыз Германия компаниясы іске асырып отыр.

Соңғы жаңалықтар