Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды – ҚР Президенті

Фото: Фото: akorda.kz
СИАНЬ. ҚазАқпарат - Сиань қаласында өткен қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды.

«Мұндай тасымал жолы өте ұтымды екені сөзсіз. Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту ісінде осы орталық негізгі хаб болады. Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор», – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Мемлекет басшысының қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысқанын жазған болатынбыз.

Президенттің ҚХР-ға сапары аясында құны 22 млрд доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды


Соңғы жаңалықтар