Еуропа лигасы: «Тобыл» сырт алаңда «Пюникке» жол берді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Армения астанасы - Ереван қаласында футболдан Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде Қостанайдың «Тобылы» жергілікті «Пюник» командасымен кездесіп, 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Қос ойынның нәтижесі бойынша «Тобыл» жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тобыл» екі күн бұрын ғана ел біріншілігінде кезекті тур ойындарын өткізді. Алматыда «Қайратпен» шеберлік байқасқан қостанайлық футболшылар енді Еуропа лигасында бақ сынады. Әрине, мұндай жағдайда ойыншыларға біраз қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан «Тобыл» аталмыш кездесуге барын салды.

Айта кетелік, Еуропа лигасына «Тобыл» жолдамаға кездейсоқ қол жеткізді. Бірқатар талаптарды орындамағаны үшін Шымкенттің «Ордабасы» клубы бұл бәсекеден шет қалды. Оның орнына «Тобыл» ел намысын қорғайтын болды.

Еуропа лигасы алғашқы іріктеу кезеңінде қостанайлық ұжым сәтті ойын көрсетті. Грузияның «Самтредиа» командасын алдымен сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіп, өз алаңында олардан 2:0 есебімен басым түсті. Екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойында «Пюниктен» 2:1 есебімен  айласын асырды. Ендігі кезекте біздің фтболшылар үшін сырт алаңда қажетті нәтижеге қол жеткізу маңызды еді. Алғашқы минуттан «Пюник» сапында Драгоевич, Григорян, Аветисян, Корян, Трусевич, Войнов, Дмитриев, Айрапетян, Кадьо, Овсепян, Жестоков жасыл алаңға шықса, «Тобыл» құрамында Непогодов, Кассай, Мирошниченко, Дмитренко, Квеквескири, Нұрғалиев, Канкава, Жулпа, Нөсербаев, Быстров, Федин болды.

Ойынның бастапқы кезеңінде «Тобылдың» басымдығы байқалып тұрды. Олар тезірек гол соғып алу мүмкіндігін іздеді. Оның себебі белгілі. Сырт алаңда соққан гол командаға қосымша мүмкіндік беретіні рас. Бұл жағдайда алаң иелері кем дегенде үш доп соғуға тырысады. Десе де бірінші кезеңде көзге көрінерлік шабуыл өрістей қойған жоқ.

Екінші кезеңде «Пюник» ойыншылары белсенді қимылымен көзге түсті. «Тобыл» қақпасы маңында бірнеше шабуыл ұйымдастырып үлгерді. 61-минутта алаң иелері сапынан Петрос Аветисян біздің қақпаға соққы бағыттаған еді. Оған «Тобыл» қақпашысы Дмитрий Непогодов тойтарыс бере білді. Ойынның соңғы 10-шы минуты тартысты бола түсті. 82-минутта «Пюник» сапынан Мохамед Конате гол соғып, өз командасын алға шығарды. Бұл - «Пюникті» жарыстың келесі сатысына шығуына қолайлы есеп. Енді «Тобыл» үшін шабуылға шығу міндеті алда тұрды.

Айта кетелік, бұл жұптан жеңімпаз болған команда жарыстың үшінші іріктеу кезеңінде «Маккаби» Тель-Авив (Израиль) және «Раднички» (Сербия) командаларынан үздік шыққан клубпен кездеседі. Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Маккаби» Тель-Авив (Израиль) командасы 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Сондай-ақ, 1 тамызда Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» сырт алаңда Данияның «Мидтьюлланд» командасымен кездеседі. Олардың арасындағы алғашқы ойын 2:1 есебімен  елордалықтар жеңісімен аяқталды. Ал 2 тамызда Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінің қарымта ойынында Алматының «Қайраты» сырт алаңда Голландияның «АЗ Алкмаар» командасымен шеберлік байқасады. Алматыда болған алғашқы кездесуде 2:0 есебімен «Қайрат» жеңді. 

Еуропа лигасында биыл Қазақстаннан Павлодардың «Ертісі» де қатысып, жарыстың алғашқы кезеңінде Литваның «Тракай» клубына 0:1 есебімен жол беріп қойды.

Соңғы жаңалықтар