Еуропа лигасы: «Тобыл» сырт алаңда Грузияны жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 шілде күні футболдан Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңі ойындары басталды. Еліміздің атынан алғашқы болып бақ сынаған қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда Грузияның «Самтредиа» командасымен кездесіп, 1:0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайлық клуб еурокубок ойындарына бірнеше жылдан кейін қайта оралып отыр. Негізінде бұл сынға Шымкенттің «Ордабасы» клубы  қатысуы тиіс болатын. Қазақстан футбол федерациясы бірқатар талаптарды орындай алмаған оларды бұл жарыстан шеттетіп, орнына «Тобылды» қосты.

Бүгінгі ойын Грузия астанасы - Тбилиси қаласындағы белгілі футболшы  Михаил Месхи құрметіне арналған «Локомотив» стадионында өтті. Жасыл алаңға «Самтредиа» сапынан Погорелый, Гурули, Мамасахлиси, Ги, Макацария, Бачиашвили, Панцулая, Чачуа, Фатич, Гогиашвили, Энделадзе шықса, «Тобыл» құрамында  Непогодов, Кассай, Мирошниченко, Дмитренко, Квеквескири, Нұрғалиев, Тұрысбек, Канкава, Жулпа, Нөсербаев, Федин болды.

Ойынға Солтүстік Ирландиядан келген төреші Тим Маршалл қазылық етті. Кездесу Астана уақытымен 22.00-де басталды.

Матчтың бірінші кезеңінде доп негізінен алаң ортасында жүрді десек те болады. Кездесудің 10-минутына дейін қос қақпаға доп бағытталған жоқ. Келесі 45-минутта «Тобылдың» басымдығы байқалып тұрды. Десе де қазақстандық футболшылар ол мүмкіндіктерді голға айналдыра алған жоқ. Ойынның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда «Тобыл» сапынан Максим Федин алыстан шірене доп теуіп, ол қақпа торында тулап жатты. Осылайша қостанайлықтар жеңіске жетті. Есеп  - 1:0.

Естеріңізге сала кетелік, Еуропа лигасында «Тобылдан» өзге Алматының «Қайраты» мен Павлодардың «Ертісі» сынға түседі. Атап айтқанда, 12 шілдеде сырт алаңда «Қайрат» Андорраның «Энгордань», «Ертіс» Литваның «Тракай» клубымен шеберлік байқасады. Қазақстандық үш клубтың да қарымта ойындары 19 шілдеде өз алаңында болады. Ал Чемпиондар лигасында 11 шілдеде елордалық «Астана» өз алаңында Черногорияның «Сутьеска» клубын қабылдайды.

 

 

Соңғы жаңалықтар