Еуропа лигасы: «Тобыл» Люксембург командасымен тең түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі Қостанайдың «Тобылы» мен Люксембургтің «Женесс Эш» командалары арасындағы алғашқы ойын мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тобыл» еурокубок ойындарына жиі қатысып келеді. Бүгінгі күнге дейін бір мәрте UEFA Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінде бақ сынаған болатын. Ал UEFA Еуропа лигасы іріктеу кезеңіне биыл алтыншы мәрте қатысады. Әзірге команда еурокубок ойындарының топтық кезеңіне шыға алған жоқ.

«Женесс Эш» командасы да өз елінің тәжірибелі клубтарының бірі саналады. 1907 жылы құрылған клуб Люксембургтің 20 дүркін чемпионы атанған.

«Тобылдың» бас бапкері Владимир Газзаев алғашқы кезеңде Эмиль Балаев, Никита Бочаров, Виктор Дмитренко, Фернандер Кассай, Джаба Канкава, Руслан Валиуллин, Артурас Жулпа, Ника Квеквескири, Азат Нұрғалиев, Михаил Гордейчук және Сенин Себаи секілді жігіттерге сенім артты.

Оларға «Женесс Эш» командасынан Кевин Сомме, Эмманюэль, Эрве Ляпьер, Алессандро Фьорани, Милош Тодорович, Йоханнес Штейнбах, Лука Дурьятти, Давид де Соуза, Халим-Меди Меддур, Арсен Менссу, Янник Макота, Алмир Клица қарсы шықты.

Болжам жасайтын мамандар бұл кездесуде «Тобыл» жеңіске жетеді деген жорамал жасады. Солай боларлық жөні бар. «Женесс Эш» бүгінгі дейін еурокубок ойындарында толайым табысымен көзге түсе қойған жоқ. Ал «Тобыл» құрамында тәжірибелі ойыншылар саны жетерлік. Олардың барлығы дерлік мұндай бәсекелерде тәжірибе жинақтап үлгерген.

Соған қарамастан «Женесс Эш» командасы «Тобылға» лайықты қарсылық көрсете білді. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Алаң иелері мен қонақтар да гол соғатын мүмкіндіктерді іздеді. Дегенмен өз дегендеріне жете алмады.

Екінші кезеңде ойын барысы дәл осындай көріністе өрбіп жатты. Қос команданың да есеп ашатын мүмкіндігі болды. Ойынның екінші кезеңінде Михаил Гордейчукті Бауыржан Тұрысбек, Сенан Себаины Максим Федин алмастырды. Кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды.

Енді жолдама тағдыры екінші кездесуде шешіледі. Қарымта ойын 18 шілдеде Қостанайда өткізіледі. Бұл жұпта жеңімпаз атанған команда екінші іріктеу кезеңінде Португалияның Гимарайнш қаласының «Витория» командасымен 25 шілде және 1 тамыз күндері ойнайды.

Естеріңізге сала кетелік, кеше UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Румынияның ЧФР командасынан 1:0 есебімен басым түсті.

Ал 11 шілдеде UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасысы» Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) клубын қабылдайды. Бұл кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Алматының «Қайраты» сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» клубымен шеберлік байқасады. Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 01.00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар