Еуропа Лигасы: «Тобыл» армениялық команданы жеңді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде Қостанайдың «Тобылы» Арменияның «Пюник» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тобыл» бапкері Владимир Никитенко бүгінгі ойынға командаға жаңадан ауысып келген аргентиналық легионер Хуан Лесканоны бірінші минуттан шығарды. Сондай-ақ, ресейлік Марат Быстров та шабуылшыларға жақын орналасты.

Кездесудің басында-ақ «Тобыл» футболшысы Ника Квеквескири жарақат алып қалды. Алғашқы он минуттық алаң иелерінің басымдығымен аяқталды. Мұнан соң армениялықтар айып добын орындады. Борис Кадьоның соққысы қақпадан сәл ғана биік кетті. Келесі қарымта шабуылда «Тобыл» есеп ашуға мүмкіндік алды. Азат Нұрғалиевтен пас алған Хуан Лескано айып алаңының ішінен теуіп көрді. «Пюник» қақпашысы Кобозев қауіптің бетін қайтарды. Ал, «Тобыл» қақпашысы «Пюниктің» ойыншылары Конате мен Айрапетяннің соққыларын қайтарды.  
Екінші таймның басында қостанайлықтар есеп ашты. Оң қапталдан сытылып шыққан Максим Федин қорғаушыларды алдап өтіп, аяғының сыртымен айналдыра соққы жасады. Ал «Пюник» қақпашысы бұл соққыға қауқар таныта алмады. 
Гол соғып алған алаң иелері қарымта шабуылдарға иек артуда. Сондай шабуылдардың бірінде Хуан Лескано командасының екінші голын соғатын мүмкіндікті мүлт жіберді. Алаңға Бауыржан Тұрысбек кірді. Ол аргентиналық Х.Лесканоны алмастырды. Сонымен қатар Марат Быстровтың орнына Таңат Нөсербаев шықты. 
80-минутта «Тобыл» капитаны Азат Нұрғалиев екінші голдың авторы атанды. «Пюник» қақпашысы Евгений Кобозевтің тепкен добы Нұрғалиевтің аяғынан серпіліп, қақпаға еніп кетті. 2:0!
Ал армениялықтар есеп айырмасын бір допқа қысқартты. Қостанайлық қорғаушылардан айласын асырған Руслан Корян допты қақпашының үстінен тастады. Төреші негізгі уақытқа 3 минут қосты. 
Осылайша, «Тобыл» Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіндегі Қостанайдағы екінші кездесуінде жеңіске жетті. Бұған дейін «Тобыл» Грузияның «Самтредиасын» ұтқан болатын.  

Соңғы жаңалықтар