Еуропа лигасы: «Ордабасы» жарыстың келесі сатысына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шымкенттің «Ордабасы» командасы UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңіне шықты. Бүгін олар сырт алаңда Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасын жеңіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ордабасы» командасы бүгінгі кездесуде негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Бір апта бұрын Шымкентте өткен ойында олар 1:0 есебімен жеңген еді. Сондықтан шымкенттік клуб тең нәтижеге қанағат білдіретінін аңғартты.

Алаң иелері шабуылына бірінші кезеңде лайықты тойтарыс бере білді. Есесіне қарымта шабуылдарға көңіл бөлді. Десе де бірінші кезеңде екі команда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңде де ойын барысы дәл осындай жағдайда өрбіп жатты. Ойын тізгіні негізінен алаң иелерінің қолында болды. Кездесу соңына таман «Ордабасы» екі гол соқты. Оны 81-минутта Мирзад Механович, 94-минутта Зиги Бадибанга соқты. Осылайша «Ордабасы» қарсыласын 2:0 есебімен жеңді.

Енді олар жарыстың келесі сатысында Чехияның «Млада-Болеслав» командасымен кездеседі.

Естеріңізге сала кетелік, кеше UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Румынияның ЧФР командасына жол берді. Енді «Астана» UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде Андорраның «Санта-Колома» командасымен шеберлік байқасады.

Ал бүгін Қостанайдың «Тобылы» Люксембургтің «Женесс Эш» клубына тең ойнап, қос ойынның нәтижесімен жарыс жолынан шығып қалды.

Сондай-ақ, бүгін Алматының «Қайраты» Боснияның «Широки Бриег» командасынан басым түсті. Алматылық клуб UEFA Еуропа лигасы бірінші кезеңінен сүрінбей өтті. Енді Израильдің «Хапоэль» (Безр-Шева) және Албанияның «Лачи» жұбының жеңімпазымен кездеседі.


Фото: fcordabasy.kz

Соңғы жаңалықтар