Еуропа лигасы: «Ордабасы» грузиялық «Торпедоның» осал тұсын таба ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ордабасы» бұдан бұрын да Еуропа лигасы ойындарына қатысты. Шымкенттік клуб 2012/2013 жылғы аламанда бірінші іріктеу кезеңінде Сербияның «Ягодина» командасын орта жолда қалдырып, жарыстың келесі сатысында Норвегияның «Русенборг» клубына жол беріп қойды. Одан кейін 2015/2016 жылғы аламаннан бастап қатарынан үш жыл аталмыш турнирде бақ сынады. Дегенмен, алғашқы кезеңнен әріге аса алған жоқ. «Ордабасы» 2017 жылы ел біріншілігінде үздік үштіктен көрінді. Нәтижесінде Еуропа лигасы ойындарына қатысуға жолдамаға қол жеткізген еді. Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясы бірқатар себептермен оның орнына Қостанайдың «Тобыл» командасын қосты.

«Торпедо» - Грузияның беделді клубының бірі. Аталмыш клуб 1946 жылы Кутаиси автокөлік зауытының базасында тұсауын кесті. Олар КСРО жоғары лигасында да бірнеше мәрте сынға түсті. Дегенмен, үздіктер қатарында көп тұрақтай алған жоқ. 1990 жылдан бастап «Торпедо» өз елінің төл біріншілігінде бақ сынап келеді. Бүгінгі күнге дейін үздік үштіктен жиі бой көрсетіп жүр. «Торпедо» 4 мәрте чемпион атанса, 3 мәрте күміс, 6 мәрте қола медальге ие болды. Нәтижесінде UEFA Чемпиондар лигасында төрт мәрте өз елінің намысын қорғады. Дегенмен ешбірінде жоғары жетістікке жете алмады.

«Торпедо» бүгінге дейін еурокубок ойындарында қазақстандық клубпен бір мәрте жолы түйісті. 2012/2013 жылғы аламанда Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбемен» өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнап, сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Нәтижесінде «Ақтөбе» жарыстың келесі сатысына жолдама алды.

Былтыр «Торпедо» Еуропа лигасында тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Жарысты бірінші іріктеу кезеңнен бастаған команда әуелі Молдованың «Шерифін», одан кейін Фарер аралдарының «Викингур», жарыстың үшінші сатысында Албанияның «Кукеси» командасын орта жолда қалдырды. Плей-офф кезеңінде Болгарияның «Лудогорец» клубымен кездесті. Өз алаңында қарсыласына 0:1 есебімен жол беріп, сырт алаңда олардан 0:4 есебімен ойсырай жеңілді.

Қазіргі таңда «Торпедо» командасына жергілікті маман Кахабер Чхетиани бапкерлік жасайды. Ол аталмыш клубтың тізгінін 2016 жылдан бері ұстап келеді. Команда құрамында жергілікті футболшылар ойнайды.

«Ордабасы» мен «Торпедо» (Кутаиси) командалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Қарымта кездесу 18 шілдеде өткізіледі. Бұл жұптың жеңімпазы екінші іріктеу кезеңінде Чехияның «Млада Болеслав» командасымен 25 шілде және 1 тамыз күндері шеберлік байқасады.

Сондай-ақ, 11 шілдеде Алматының «Қайраты» сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» клубымен шеберлік байқасады. Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 01.00-де басталады.

Айта кетелік, 10 шілдеде Қостанайдың «Тобылы» Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Люксембургтің «Женесс Эш» командасымен 0:0 есебімен тең түсті. Ал 9 шілдеде UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Румынияның ЧФР командасынан 1:0 есебімен басым түскен болатын.

Соңғы жаңалықтар