Еуропа лигасы: «Ордабасы» чех командасымен тең түсіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы уақытта Чехияда Шымкенттің «Ордабасы» командасы футболдан UEFA Еуропа лигасының екінші іріктеу сатысында жергілікті «Млада-Болеслав» командасымен кездесіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, «Ордабасы» аталмыш турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Торпедо» командасын орта жолда қалдырған болатын. Ал «Млада-Болеслав» бірден екінші іріктеу сатысына қатысуға мүмкіндік алған еді.

Аталмыш кездесуде «Ордабасының» бас бапкері Кахабер Цхададзе алғашқы минуттан Дмитрий Непогодов, Тимур Досмағамбетов, Пабло Фонтанелло, Сергей Малый, Темірлан Ерланов, Марат Быстров, Абдулай Диакате, Май Махлангу, Мирзад Механович, Жоао Пауло және Зиги Бадибанга секілді жігіттерге сенім артты.

Ал «Млада-Болеслав» құрамында бірінші кезеңде Ян Шеда, Марко Тулио, Даниэл Пудил, Ладислав Токач, Антонин Кржапка, Марек Матейовски, Михал Губинек, Якуб Фулнек, Томаш Ладра, Мурис Мешанович және Николай Комличенко жасыл алаң төрінен көрінді.

Алаң иелері ойын басталғаннан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Қос қанаттан толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Нәтижесінде, біздің қақпа маңында оң және сол қанаттан бірнеше бұрыштама добы берілді. Дегенмен, бұл мүмкіндіктерді чех футболшылары өз дегеніне пайдалана алған жоқ.

«Ордабасы» командасы қарсы шабуылдарға шығуды ұмытқан жоқ. Осындай сәттердің бірінде 21 минутта алаң иелері қақпасы маңында 25 метрдей қашықтықтан айып добы белгіленді. Оны «Ордабасы» ойыншысы Мирзад Механович өте шебер орындады. Доп қақпа торында тулап жатты. Бірінші кезеңнің соңына таман чех командасы сапынан Николай Комличенко таразы басын теңестіріп кетті.

Естеріңізге сала кетелік, Үшінші іріктеу кезеңіне шыққан жағдайда «Ордабасы» Арменияның «Алашкерт» және Румынияның «Стяуа» жұбының қай жеңгенімен кездеседі.

Дәл қазір UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында Алматының «Қайраты» Израильде жергілікті «Хапоэль» (Безр-Шева) командасымен кездесіп жатыр. Әзірге алаң иелері 1:0 есебімен басым түсуде.

Соңғы жаңалықтар