Еуропа лигасы: Қазақстандық клубтардың қарсыластары белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан УЕФА Еуропа лигасында биыл сынға түсетін қазақстандық командалардың қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Алматының «Қайраты» Боснияның «Широки Бриег», Қостанайдың «Тобылы» Люксембургтің «Женесс», Шымкенттің «Ордабасы» клубы Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командаларымен кездеседі.

«Широки Бриег» командасы 1948 жылы құрылған. Өз елінде 2004, 2006 жылдарда чемпион атанған. Еурокубок ойындарында қазақстандық екі командамен кездесті. 2012/2013 жылдарда Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде Павлодардың «Ертіс» командасымен кездесті. Алғашқы кездесуде 2:3 есебімен жеңілген олар, қарымта кездесуде 2:0 есебімен басым түсті. Қос ойынның қорытындысымен жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Одан кейін, 2017/2018 жылғы кезеңде Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасы» клубын өз алаңында 2:0 есебімен жеңіп, сыртта 0:0 есебімен жеңді. Бұл жолы да босниялық клуб жарыстың келесі сатысына шықты.

Люксембургтің «Женесс» командасының қазақстандық клубтармен алғаш рет жолы түйісіп отыр. Эш қаласының намысын қорғайтын «Женесс» 1907 жылы құрылған. Аталмыш клуб өз елінің біріншілігінде 28 мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізген.

Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасы да біздің клубтарға жақсы таныс. Аталмыш ұжым 1946 жылы құрылған. Бүгінгі күнге дейін өз елінде төрт мәрте алтыннан алқа тақты. Олар 2012/2013 жылғы кезеңде Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбемен» кездесті. Өз алаңында 1:1 есебімен тең түсіп, сырт алаңда 0:1 есебімен жол берді. Жарысты «Ақтөбе» жалғастырды.

Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойыны 11 шілдеде өтсе, қарымта кездесу 18 шілдеде болады.

Бұдан бұрын УЕФА Чемпиондар лигасы бірінші кезеңіндегі Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасының қарсыласы анықталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар