Еуропа лигасы: Қазақстан құрамасы Латвиямен тең түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Еуропа құрлығында Ұлттар лигасы топтық кезеңінің бесінші тур ойындары басталды. Аталмыш бәсекеде Д лигасы бірінші топта сынға түсіп жатқан Қазақстан құрамасы өз алаңында Латвиямен шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Топтық кезеңдегі құрамалар жағдайы туралы бұдан бұрын хабарлаған едік. Қос құраманың да екінші орын мүмкіндігі бар болатын. Бүгінгі ойын сол сауалдың жауабын шешеді. Сол себепті екі құрама да бұл ойында тартысты бәсеке өткізетіні белгілі еді.

Ұлттық құрамалар 13 қазанда Латвияда бір ойын өткізген еді. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Одан кейін біздің жігіттер өз алаңында Андорраны 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал Латвия өз алаңында Грузиядан  0:3 есебімен сүрінді.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов  алғашқы минуттан негізгі құрамға Ненад Эрич, Ғафуржан Сүйімбаев, Сергей Малый, Юрий Логвиненко, Абзал Бейсебеков, Георгий Жуков, Бауыржан Исламхан, Серікжан Мужиков, Бахтиер Зайнутдинов, Роман Муртазаев, Бауыржан Тұрысбектерді қосты. Ал Латвия құрамасы сапында Андрис Ванин, Владислав Габов, Каспарс Дубра, Виталий Ягодински, Виталий Максименко, Игорь Тарасов, Андрей Циганик, Вячеслав Исаев, Денис Ракель, Артур Карашаускс, Валерий Шабала шықты.

Кездесу біздің құрама басымдығымен басталды. Олардың дені қақпа торында тулап жатса, кездесу Қазақстанның ірі жеңісімен аяқталар еді. Дегенмен қазақстандық футболшылар ол мүмкіндіктерді өз пайдасына жарата алған жоқ. Құрама капитаны міндетін атқарған Бауыржан Исламханның өзі гол соғатын сәттерде мергендік көрсете алған жоқ.

Алдағы ойыншыларға қорғаушылар да көмекке келіп жатты. Оңтайлы сәттерде олар да қарсыластар қақпашысын қапы қалдыру жолдарын іздеді. Ұлттық құрама мен Алматының «Қайрат» командасында сол қанатта ойнайтын Ғафржан Сүйімбаев 37-минутта мергендік танытты. Қорғаушының алыстан тепкен добы қақпа торына түсті. Бұдан кейін қос құрама гол соғатын мүмкіндіктер іздеді. Бірінші кезеңді 1:0 есебімен Қазақстан жеңіспен аяқтады.  

Екінші кезең бастала салысымен Латвия таразы басын теңестіруге ұмтылды. Көздеген мақсатына да жетті. Латвия құрамасы сапынан 49-минутта Денис Ракель гол соқты. Осылайша таразы басы теңесті. Бұдан кейін алаң иелері алға ұмтылғанмен, одан оң нәтиже келе қойған жоқ. Ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Аталмыш топта бүгін тағы бір ойын болады. Сағат 01:45-те Андорра мен Грузия құрамалары шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар