Еуропа лигасы: «Қайрат» жанкүйер үмітін ақтай алған жоқ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жергілікті «Қайрат» Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінде Чехияның «Сигма» командасын қабылдап, олардан 1:2 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш екі команда апта бұрын Чехияда шеберлік байқасқан еді. Ол жолы «Сигма» жауапсыз екі гол соғып, «Қайрат» жағдайын қиындатып алды. Сол кеткен есені «Қайрат» осы жолы қайтара ма деген үміт болған. Дегенмен ойын біз күткендегідей болған жоқ. Чехия командасы алғаш болып есеп ашты. Ойынның 19-минутында «Сигма» футболшысы Мартин Нештор мергендік танытты.

Бұдан кейін «Қайрат» шабуылды үдете түсті. Десе де алматылық футболшылар қақпаны дәл көздей алған жоқ. Ойынның 34-минутында «Қайрат» қорғаушыны шабуылшыға алмастырды.  Нұрәли Әліптің орнына Мартин Эппель шықты. Соған қарамастан «Сигма» командасы «Қайрат» қақпасы маңында бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Оны Стас Поактилов қайтарды.

Мәселен, 38-минутта ол екі мәрте осындай қауіпті сәтте өз қақпасын сақтап қалды. Бірінші кезеңнің соңғы минуттарында алаң иелері қарсыластар қақпасы маңын торуылдаған еді. Алайда олардың ешқайсысы діттеген мақсатына жете алған жоқ. Бірінші кезең 0:1 есебімен «Қайраттың» жеңілісімен аяқталды. 

Екінші кезеңде «Қайраттың» шабуылға көңіл бөлетіні белгілі еді. Өйткені, олар жарысты жалғастыруы үшін кем дегенде төрт гол соғуы тиіс. Соған қарамастан «Сигма» ешбір саспастан 51-минутта тағы бір гол соғып, бұл жұпта кімнің жеңімпаз болатынын ертерек шешіп қойды десек те артық емес. Голдың авторы - Давид Гоуска.

Екі ойынның нәтижесі бойынша есеп 0:4-ке жетті. Ендігі кезекте «Қайрат» үшін бес гол соғу міндеті тұрды. Футболда бәрі болады деген сенім де көңіл түкпірінде жатты. 61-минутта Мартон Эппель есеп айырмасын қысқартып, үміт отын қайта жаққандай болды. Кездесудің 75-минутында «Қайрат» 10 ойыншымен қалды. Алаңнан қорғаушы Хуан Фелипе қуылды. Ал 94-минутта «Қайрат» сапынан Исаэль Барбоза алаңнан қуылды.

Айта кетелік, Чехияда өткен алғашқы кездесуде «Қайрат» қорғаушысы Ғафржан Сүйімбаев алаңнан қуылған еді. Сонда екі ойында алматылық клуб сапынан үш ойыншы қызыл қағаз алып қалған.

«Қайрат» осылайша 1:2 есебімен жеңілді. Қос ойынның есеп нәтижесі 1:4-ке жетті. Соның салдарынан «Қайрат»  Еуропа лигасындағы жарысын аяқтады. «Сигма» жарысты жалғастыратын болды. Оларға енді Испанияның «Севилья» немесе Литваның «Жальгирис» командасы қарсылас атануы мүмкін. Испан клубы бүгін сырт алаңда Литваның Вильнюс қаласының «Жальгирисімен» шеберлік байқасады. Алғашқы ойын 1:0 есебімен «Севильяның» басымдығымен аяқталған еді.

Еуропа лигасында биыл Қостанайдың «Тобылы» мен Павлодардың «Ертіс» командалары сынға түсті. «Ертіс» бірінші, «Тобыл» екінші іріктеу кезеңінен әріге аса алған жоқ.

Сондай-ақ, бұған дейін еліміздің атынан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түскен елордалық «Астана» енді Еуропа лигасы плей-офф кезеңіне қатысады. Олар Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Динамосына» (0:2, 0:1) жол беріп қойды. «Астанаға» Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде Израильдің «Хапоэль Беэр-Шева» және Кипрдің АПОЭЛ жұбының жеңімпазы қарсылас атануы мүмкін. Израильде өткен алғашқы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталған еді.

Соңғы жаңалықтар