Еуропа лигасы: «Қайрат» топтық кезеңге шыға ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайрат» еурокубок ойындарында биыл тоғызыншы мәрте бақ сынайды. Оның ішінде бір мәрте UEFA Чемпиондар лигасында бақ сынаса, қалғанында UEFA Еуропа лигасында ойын көрсетті. Әзірге аталмыш турнирлердің топтық кезеңіне шыға алған жоқ. Еуропа лигасының 2015/2016 жылғы бірінші іріктеу сатысында плей-офф кезеңіне дейін іркілмей жетті. Алғашқы және екінші кезеңде Сербияның «Црвена звезда», Арменияның «Алашкерт» командаларын артта қалдырған олар одан кейін Шотландияның «Абердин» клубын айналып өтті. Плей-офф кезеңінде алдымен сырт алаңда Францияның «Бордосынан» 0:1 есебімен жеңіліп қайтқан олар өз алаңында соңғы сәтке дейін 2:0 есебімен жеңіп тұрған еді. Ойынның аяқталуына санаулы сәттер қалғанда өз қақпасына гол жіберіп алған алматылық футболшылар топтық кезеңге қол созымда қалып қойды.

«Широки Бриег» өз елінің тәжірибелі клубының бірі саналады. Аталмыш команда 1948 жылы Мостар қаласына 20 шақырым қашықтықта орын тепкен шағын Широки Бриег елді мекенінде құрылған. Команда Югославияның жоғары тобында ешқашан бақ сынаған жоқ. Бұл кезеңде негізінен аймақтық біріншілікте тәжірибе жинақтады. Тоқсаныншы жылдан бері өз елінің төл біріншілігінде бақ сынап келеді. Бүгінгі күнге дейін 2004, 2006 жылдарда ел чемпионы атанса, 3 мәрте кубок жеңімпазы болды.

«Широки Бриег» командасы 2002/2003 жылғы уақыттан бері еурокубок ойындарында бақ сынап жүр. Бүгінгі күнге дейін топтық кезеңге жете алған жоқ.

Айта кетерлігі, «Широки Бриег» бүгінгі күнге дейін екі мәрте қазақстандық клубтармен шеберлік байқасып үлгерді. Еуропа лигасының 2013/2014 жылғы аламанында екінші іріктеу кеезңінде Павлодардың «Ертісінен» сырт алаңда 2:3 есебімен жеңіліп, өз алаңында 2:0 есебімен басым түсті. Жарыстың келесі сатысында Италияның «Удиниезе» клубына қос ойынның нәтижесімен (1:3, 0:4) жол беріп қойды. Ал Еуропа лигасының 2017/2018 жылғы аламанында бірінші іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасы» командасын (2:0, 0:0) сүріндірді. Одан кейін Шотландияның «Абердин» клубына (0:2, 1:1) шамасы келген жоқ.

«Широки Бриег» және «Қайрат» командалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 01.00-де басталады.

Сондай-ақ, бүгін Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасын қабылдайды. Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де басталады.

Айта кетелік, 10 шілдеде Қостанайдың «Тобылы» Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Люксембургтің «Женесс Эш» командасымен 0:0 есебімен тең түсті.

Естеріңізге сала кетелік, 9 шілдеде UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Румынияның ЧФР командасынан 1:0 есебімен басым түсті.

Фото: vk.com/fckairat

Соңғы жаңалықтар