Еуропа лигасы: «Қайрат» пен «Ертіс» Андорра мен Литвадан олжалы орала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 шілдеде футболдан Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңі  ойындары одан әрі жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл жолы Алматының «Қайраты» мен Павлодардың «Ертіс» клубтары өз қарсыластарымен кездеседі. Аталмыш доп додасында сынға түсетін Қостанайдың «Тобылы» 10 шілдеде өз ойынын өткізіп үлгерді.

«Қайрат» бүгін Андорраның «Энгордань» клубымен кездеседі. Аталмыш клуб Андорраның Эскальдес-Энгордань қаласының намысын қорғайды. Команда 1980 жылы «Спортинг Эскаль Энгордань» атауымен құрылған. 2000 жылдан бері қазіргі «Энгордань» атауымен сынға түсіп келеді. Еурокубок ойындарында андорралық клуб үстіміздегі жылы алғаш рет шеберлік байқасады. Олар алдын ала іріктеу кезеңінде Сан-Мариноның «Фольгоре/Фальчано» клубымен ойнап, өз алаңында 2:1 есебімен жеңіп, сырт алаңда 1:1 есебімен тең түсті. Қос ойынның нәтижесінде «Энгордань» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

«Қайрат» командасы еурокубок ойындарында жетінші мәрте бақ сынайды. Алғаш рет 2002 жылы қатысты. Одан кейін 2006 жылы аталмыш додада бой көрсетті. Бұдған кейінгі жылдарда араға үзіліс салып, тек 2014 жылы қайтадан доп додасына қатысты. Содан бері тұрақты түрде Еуропа лигасы ойындарында сынға түсіп келеді. Әзірге қол жеткізген жоғары жетістігі - 2015 жылғы плей-офф кезеңіне шығуы. Сол жылы бірінші іріктеу кезеңінде Сербияның «Црвена Звезда» клубын орта жолда қалдырып (2:0, 2:1), одан соң Арменияның «Алашкертінен» (1:2, 3:0) айласын асырды. Үшінші іріктеу кезеңінде Шотландияның «Абердин» клубы да қарсылық көрсете (1:1, 2:1) алмады. Плей-офф кезеңінде Францияның «Бордо» клубынан сырт алаңда 0:1 есебімен сүрінгенімен, өз алаңындағы кездесудің басым бөлігінде 2:0 есебімен жеңіске жетіп тұрған еді. Француздар соңғы сәтте ғана гол соғып, доп айырмасын қысқарту арқылы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алған болатын. Қай кезде де клуб басшылығы ойыншылар алдында топтық кезеңде ойын көрсетуді міндет етіп қойып келеді. Биыл қалай болады? Оны алдағы күндерде бағамдаймыз.

Еуропа лигасында сынға түсетін тағы бір командамыз - «Ертіс» Литваның «Тракай» клубымен жұп құрап отыр. «Тракай» 2005 жылдан бері өз елінің біріншілігінде ойнап келеді. 2014 жылдан бастап Литваның ең жоғары доп додасы - А лигасында бақ сынайды. Сол жылы төртінші орынға тұрақтады. 2015 жылы Еуропа лигасына қатысуға мүмкіндік алды. Әзірге қол жеткізген табысы - 2017/2018 жылғы  Еуропа лигасында алғашқы екі іріктеу кезеңінде сүрінбей, үшінші кезеңге шыққандығы. Бұл жолы олар бірінші іріктеу кезеңінде Шотландияның «Сент-Джонстонын» жеңіп (1:0, 2:1), одан кейін Швецияның «Норрчёпинг» (2:1, 1:2) итжығыс түсіп, жеңімпаз пенальти тебу арқылы анықталды. Үшінші кезеңде Македонияның «Шкендия» клубын өз алаңында 2:1 есебімен басым түскенімен, сырт алаңда 0:3 есебімен ойсырай жеңілді.

«Ертіс» Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын қоса есептегенде биыл алтыншы мәрте еурокубок ойындарында бақ сынайды. 2011, 2013, 2017 жылдарда алғашқы кезеңнен өткенімен, одан әріге аса алған жоқ.

10 шілдеде Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Грузияның «Самтредиа» клубын 1:0 есебімен жеңіп қайтты.  «Тобыл» еурокубок ойындарына бірнеше жыл үзілістен кейін қайта оралып отыр.

Ал 11 шілдеде Чемпиондар лигасының бірінші кезеңінде елорданың «Астана» клубы Черногорияның «Сутьеска» клубынан 1:0 есебімен басым түсті. Осылайша олар өз жанкүйерлерін тағы бір мәрте қуантты.

Екі ойын да сырт алаңда өтеді. «Ертіс» «Тракаймен» Астана уақыты бойынша 22.00-де кездессе, «Қайрат» «Энгорданьмен» түнгі 00.00-де жасыл алаңға шығады. 

Фото: www.sports.kz

Соңғы жаңалықтар