Еуропа лигасы: «Қайрат» Андорраның клубын жеңе ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің қарымта ойындары өтеді. Жарыстың аталмыш сатысында Алматының «Қайраты», Павлодардың «Ертісі» және Қостанайдың «Тобылы» өз алаңдарында қарсыластарын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының «Қайратына» жеребе жолдас болды деуге негіз бар. Олар Андорраның «Энгордань» клубымен жұп құрады. Андоррада негізінен әуесқой футболшылар доп тебеді. Сол себепті мамандар бірден-ақ «Қайрат» мықтылығын танытады деген болжамын айтып қойған еді. Аталмыш болжам алғашқы ойында расқа айналды. Алматылық ұжым сырт алаңда ойнағанына қарамастан қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктіріп қайтты. Ендеше, бүгінгі ойында «Қайрат» оларға қарсы жастарды шығаруы да ғажап емес. Оны ойын барысында көре жатармыз.

«Ертістің» де сырт алаңнан ұпай олжалап қайтатын мүмкіндігі болған еді. Олар Литваның «Тракай» клубымен шеберлік байқасты. Литвадағы кездесуде алаң иелері қақпасына 86-минутта пенальти белгіленді. Оны орындауға келгенде Сергей Кисляк дәлдік таныта алған жоқ. Тепкен допты «Тракай» қақпашысы қолынан табылды. Кездесу 0:0 есебімен тең  аяқталды. Ендеше, бұл жұптағы жеңімпаз Павлодардағы кездесу барысында анықталатын болады. Оған екі команданың да мүмкіндігі бірдей болып отыр. Ел біріншілігінде ала-құла ойын көрсетіп жүрген «Ертіс» бұл жолы жинақылық көрсете ала ма? Аталмыш командаға бұрынғы бапкері Димитар Дмитриев қайта келді. Аталмыш маман бұдан бұрын жетекшілік еткен кезеңде «Ертіс» шеберлігі жоғары ұжымға айналды. Павлодарлық клубтың сол бір дәурені қайта оралар деген үміттеміз. «Ертіс» жарысты жалғастыру мүмкіндігіне қол жеткізсе, Черногорияның «Рудар» және Сербияның «Партизан» командалары арасындағы жеңімпазбен жолығады. Алғашқы кездесуде өз алаңында «Рудар» «Партизаннан» 0:3 есебімен жеңіліп қалған еді.

Тағы бір кездесу Қостанай қаласында болады. Жергілікті «Тобыл» өз алаңында Грузияның «Самтредиа» клубын қабылдайды. Қостанайлық клуб өткен аптада болған сырт алаңдағы кездесуде қажетті нәтижеге қол жеткізіп қайтты. Ойынның бітуіне санаулы секундтар қалған сәтте Мксим Фединнің соққан голы «Тобылға» жеңіс  сыйлады. Есеп 1:0. Қарымта кездесуде қостанайлықтар жинақы қимыл көрсетіп, кем дегенде тең нәтижеге қол жеткізсе, онда жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болады. Аталмыш жұптың жеңімпазы Арменияның «Пюник» және Македонияның «Вардар» клубтары арасындағы жеңімпазбен жолығады. Екі команда арасындағы алғашқы кездесу 1:0 есебімен «Пюниктің» пайдасына жазылды.

Кеше, 18 шілдеде Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде елорданың «Астана» клубы сырт алаңда Черногорияның «Сутьескасын» 2:0 есебімен жеңіп, жарыстың келесі сатысына шықты. «Астана» аталмыш қарсыласымен алғашқы кездесуінде 1:0 есебімен басым  түскен еді.  

 

Соңғы жаңалықтар