Еуропа лигасы: «Ертіс» еурокубок ойындарынан шығып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 19 шілдеде Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Павлодардың «Ертісі» Литваның «Тракай» клубын қабылдап, қарсыласынан 0:1 есебімен жеңілді. Осының салдарынан олар еурокубок ойындарынан шығып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодарлық ұжым аталмыш қарсыласымен алғашқы кездесуінде 0:0 есебімен тең ойнаған еді. Олардың Литвадан олжалы оралу мүмкіндігі де болған.  Екінші кезең де дәл осындай жағдайда өрбіген еді. «Ертістің» 86-минутта гол соғатын мүмкіндігі болды. Төреші «Тракай» қақпасына пенальти белгіледі. Оны павлодарлық футболшы Сергей Кисляк голға айналдыра алмады. Оның тепкен добын «Тракайдың» қақпашысы кері қайтарды. Ойын 0:0 есебімен тең аяқталды.

Сондықтан «Ертіс» өз алаңында міндетті түрде жеңіске жетуі тиіс еді. Осыны түсінген павлодарлық футболшылар ойын басталысымен «Тракай» командасына маңына лап қойды. Дегенмен шабуылды түйіндейтін мүмкіндік болған жоқ. Есесіне литвалықтар да қарымта шабуылдарға шығып тұрды. Олар өз дегеніне 21-минутта жетті. «Тракай» сапынан Чижас Свяюнас мергендік танытты. Осылайша өз командасын алға шығарды. Бұл гол «Тракайды» жарыстың келесі сатысына шығуына мүмкіндік туғызды. «Ертіс» жарысты жалғастыруы үшін енді кемінде екі доп соғу қажеттілігі туындады. Осындай оймен павлодарлық футболшылар шабуылға көібек шығуға көңіл бөлді. Десе де бұл мақсаттарына жете алмай жатты. «Тракай» командасы да қорғаныста ғана қалумен шектелген жоқ. Өздерінің қайсар екенін дәлелдеуге тырысты.

Екінші кезең де дәл осындай көріністе өрбіп жатты. «Ертіс» бірден-ақ шабуыл шебін күшейтті. Дегенмен олардың жасаған шабуылы нәтижесіз аяқталып жатты. Павлодарлық клуб жүйелі ойын өрнегін көрсете алған жоқ. «Ертіс» осылайша жарыс жолынан шығып қалды.

Естеріңізге сала кетелік, бүгін Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» өз алаңында Андорраның «Энгордань» клубын 7:1 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Екі команда арасындағы алғашқы кездесу 3:0 есебімен «Қайраттың» жеңісімен аяқталды. Сондай-ақ, бүгін «Тобыл» Қостанайда Грузияның «Самтредиа» клубын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Олардың арасындағы алғашқы ойында 1:0 есебімен  біздің команда басым түсті.

Кеше, 18 шілдеде Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» клубы сырт алаңда Черногорияның «Сутьеска» командасын 2:0 есебімен жеңсе, алғашқы кездесуде «Астана» 1:0 есебімен мықтылығын танытқан болатын.  

 

Соңғы жаңалықтар