Еуропа лигасы: «Астананың» алғашқы кездесуіне болжам қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 20 қыркүйекте елордалық «Астана» футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінің ойындарын бастайды. Алғашқы кездесуін Украинаның «Динамо» (Киев) командасымен өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Динамо» біздің қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Бұл команда кеңестік кезеңде алдыңғы қатарлы клубтардың бірі саналды. 1927 жылы құрылған команда 13 мәрте КСРО чемпионы атағын жеңіп алса, 9 мәрте кубокқа ие болды. Сондай-ақ, 1975, 1986 жылдарда УЕФА-ның беделді бәсекесі - Кубок иегерлері ойынында барлығынан озық шықты. Бұған дейін мұндай жоғары табысқа қол созған посткеңестік команда болған емес. «Динамо» Украинаның төл біріншілігінде де алдыңғы қатардан көрініп келеді. Олар 15 мәрте чемпион атанса, 11 мәрте ұлттық кубокқа қол созды. Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясының шешімімен ХХ ғасырдың үздік 16 командасы қатарына қосылды. 

Әдетте, «Динамо» дегенде әйгілі бапкер Валерий Лобановский ойға оралады. 1974 жылы ол командаға бас бапкер қызметіне шақырту алды. Одан кейінгі 17 жылда бұл қызметті үздіксіз атқарды. Осы жылдарда «Динамо» кеңестік командалар арасында жоғары беделге ие болды. Бірнеше мәрте чемпиондық атаққа қол созды. Кубок иегерлері кубогын алса, Суперкубок жеңімпазы да болды. Валерий Лобановский 1986 жылы КСРО құрамасының бас бапкері қызметінде болды. Сол жылғы әлем біріншілігінде 1/8 финалда Бельгия құрамасынан әрең жеңілгені жанкүйерлер жадынан шыға қойған жоқ. Құрама ойыншыларының дені «Динамо» сапында ойын көрсететін. 

Осындай толағай табыстары «Динамо» командасын жоғары көтерді. Команда сапында есімі алтын әріптермен жазылған талай мықты шықты. Солардың бірі - Олег Блохин. Ол 1975 жылы «Алтын доп» иегері атанды. Бұл атаққа 2004 жылы «Динамоның» тағы бір түлегі Андрей Шевченко ие болды. А.Шевченко сол жылдарда Италияның әйгілі «Интер» командасында ойын көрсететін. Мұндай ойыншылар «Динамодан» көп шықты. Олардың барлығы жанкүйерлер жадында сақталып қалды. 

«Астана» мен «Динамо» бұрын-соңды жасыл алаң төрінде кездесіп көрген емес. Десе де, «Динамо» 2013 жылы Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде еліміздің «Ақтөбе» командасымен жолыққан еді. Ақтөбеде 3:2 есебімен жеңіске жеткен олар өз алаңында 5:2 есебімен ойсырата жеңді.

Әрине, «Ақтөбе» мен «Астананы» салыстыруға келмейді. «Астана» - бүгінде әлеуеті жоғары команда. Талай мықты футболшыны қатарына тартты. Соңғы төрт жылда үздіксіз еурокубок ойындарының топтық кезеңінде бақ сынап келеді. Көптеген беделді клубтармен терезесі тең деңгейде ойын көрсетті. Команда басшылары биыл да сондай жинақы қимылымен көзге түсіп, жанкүйер сенімін ақтауға күш салатынын айтып жүр.

«Динамо» биыл бастапқыда Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде сынға түсті. Онда Чехияның «Славия» (Прага) командасын (2:0, 1:1) орта жолда қалдырып, плей-офф кезеңінде Голландияның «Аяксына» (1:3, 0:0) есе жіберді. 

Естеріңізге сала кетелік, «Астана» алғашқы іріктеу кезеңінде өз алаңында Черногорияның «Сутьескасын» 1:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 2:0 есебімен басым түсті. Одан кейін екінші іріктеу кезеңінде олар Данияның «Мидтьюлланд» клубын (2:1, 0:0) тізе бүктірді. Дегенмен үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Динамо» (Загреб) клубына (0:2, 0:1) есе жіберіп қойды. Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде Кипрдің АПОЭЛ клубынан сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліп, өз алаңында дәл осы есеппен жеңіске жетті. Жеңімпаз ойын соңындағы пенальти тебу арқылы анықталды. 

Бүгінгі кездесу Астана уақытымен 23.00-де басталады. Ойын «Qazsport» тікелей эфирінде көрсетіледі. 

 

Соңғы жаңалықтар