Еуропа лигасы: «Астана» жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі соңғы тур ойындары өтті. Елордалық «Астана» сырт алаңда Сербияның «Партизан» командасынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы голды 4-минутта алаң иелері соқты. Оны «Партизан» ойыншысы Сейдуба Сума өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін де серб футболшылары шабуыл шебінде жиі бой көрсетіп жатты. Ал 22-минутта «Партизан» командасынан Умар Садик есепті ұлғайта түсті. Естеріңізге сала кетелік, ол елордада өткен алғашқы кездесу де екі гол соғып, өз командасына 2:1 есебімен жеңіс сыйлаған болатын. Ал 26-минутта олардың қатарынан Такума Асано да мергендік танытты. Умар Садик 76-минутта тағы бір гол соғып, екі кездесу барысында төрт голдың авторы атанды. Ал 79-минутта «Астана» ойыншысы Дорин Ротариу есеп айырмасын қысқартты. Осылайша «Астана» қарсыласынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.

Жарыстың келесі сатысына жолдама алған 24 команда белгілі болды. Атап айтқанда, А тобынан «Севилья» (Испания) мен АПОЭЛ (Кипр), В тобынан «Копенгаген» (Дания) мен «Мальме» (Швеция), С тобынан «Базель» (Швейцария) мен «Хетафе» (Испания), Д тобынан ЛАСК (Австрия) мен «Спортинг Лиссабон» (Португалия), Е тобынан «Селтик» (Шотландия) мен ЧФР (Румыния), F тобынан «Арсенал» (Англия) мен «Айнтрахт» (Германия) командалары жарыстың 1/8 финалына шықты. Ал G тобынан «Глазго Рейнджерс» (Шотландия) және «Порту» (Португалия), H тобынан «Эспаньол» (Испания) және «Лудогорец» (Болгария), I тобынан «Гент» (Бельгия) және «Вольфсбург» (Германия), J тобынан «Истанбул Башакшехир» (Түркия) және «Рома» (Италия), K тобынан «Брага» (Португалия) мен «Вулвергемптон» (Англия), L тобынан «Манчестер Юнайтед» (Англия) және «АЗ Алкмаар» (Голландия) командалары жарыстың келесі сатысына жолдама алды.

Еуропа лигасы 1/8 финалының жеребесі 16 желтоқсанда Ньон қаласында тартылады. Еуропа лигасы топтық кезеңінде бірінші және екінші орын алған командалар қатарына Чемпиондар лигасында өз тобында үшінші орын алған клубтар қосылады. Еуропа лигасы 1/8 финалының ойындары 2020 жылдың 20 және 27 ақпан күндері өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар