Еуропа лигасы: «Астана» сырт алаңда жеңіске жете ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 25 қазанда елордалық «Астана» футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінде сырт алаңда Чехияның «Яблонец» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күнге дейін қос команда үш ойыннан өткізді. Елордалық «Астана» алдымен Украинада «Динамо» (Киев) клубымен 2:2 есебімен тең ойнады. Одан кейін өз алаңында Францияның «Ренн» командасынан 2:0 есебімен басым түсті. Үш турдан кейін «Астана» төрт ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр.  «Яблонец» екі ойында небәрі бір ұпай жинады. Алдымен «Ренннен» 1:2 есебімен жеңілсе, келесі турда өз алаңында «Динамомен» 2:2 есебімен тең  тарқасты.

Шынын айтқанда, жарыстың келесі сатысына шығуға «Астананың» мүмкіндігі мол. Болжам жасаушылар бүгінгі кездесуде олардың басымдығы болатынын айтады. Әрине, оны жасыл алаң төріндегі шеберлер шайқасы анықтайды.

 «Яблонец» командасы Еуропа құрлығында аты танымал клубтардың қатарында саналмайды. Аталмыш ұжым 1945 жылы құрылған. Жетпіс жылдан бері Чехия біріншілігінде сынға түсіп келеді. Дегенмен бүгінгі күнге дейін бірде-бір мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізе алмаған. 2010 жылы Чехияның доп додасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Команда Чехия кубогында екі дүркін жеңімпаз болды. Бұдан басқа қол жеткізген толайым табысы жоқ.

«Яблонец» өз елінің үздіктер қатарында тұңғыш рет 1974 жылы бақ сынады. Дегенмен араға жыл өткенде қайтадан төменгі лигаға түсіп қалады. Одан кейінгі кезекте жоғары лигаға 1993 жылы қайта оралған. 1996 жылы Чехия біріншілігінде қола жүлдеге қол созды. Осындай биіктікке олар бүгінгі күнге дейін өз тарихында бес мәрте қол жеткізді. Келесі жылы УЕФА лигасында тұңғыш рет бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Сол жылы Чехия кубогында бас жүлде алып, Кубок иелері кубогы бәсекесінде өз елінің намысын қорғады.

«Яблонец» биылғы Еуропа лигасы топтық кезеңіне бірден жолдама алды. Дегенмен алғашқы екі турда бір ғана ұпай алған олар жарысты жалғастыру мүмкіндігін қиындатып алды. Қалған төрт ойында жинақы қимылдай білсе, өздерінің мақсатына қол жеткізуі ғажап емес.

«Яблонец» пен «Астана» ойыны Астана уақытымен 01-00-де басталады. Аталмыш кездесу Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Соңғы жаңалықтар