Еуропа лигасы: «Астана» «Реннмен» екінші жолдамаға таласады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Астана» футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі соңғы ойынын өткізеді. Олар Францияның «Ренн» командасымен кездесіп, K тобындағы екінші жолдамаға таласатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» биылғы Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі ойындарын сәтті бастаған еді. Алдымен 20 қыркүйекте Киевте жергілікті «Динамомен» 2:2 есебінде тарқасты . Одан кейін өз алаңында 4 қазанда бүгінгі қарсыласы - Францияның «Ренн» клубын 2:0 есебімен жеңсе, сыртта 25 қазанда Чехияның «Яблонец» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады. Аталмыш «Яблонецпен» 8 қарашада елорда төрінде қарымта ойын өткізіп, бұл кездесуде елордалық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті . Ал 29 қарашада біздің футболшылар Киевтің «Динамосынан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Қазір турнир кестесінде «Астана» 8 ұпаймен екінші орында келеді. Ал «Ренн» командасының қоржынында 6 ұпай бар. Бүгінгі кездесуде француз клубы жеңіске жеткен жағдайда екінші орын солардың еншісіне тиеді. Соның нәтижесінде «Ренн» екінші жолдамаға қол жеткізеді. Ал біздің «Астана» үшін кем дегенде тең ойын жетеді. Бірінші жолдама Киевтің «Динамо» командасына ертерек бұйырды. Олардың еншісінде қазір 11 ұпай бар.

«Астана» командасы 29 қарашадан бастап ешқандай ресми ойын өткізген жоқ. Сол күні Еуропа біріншілігі топтық кезеңінде Киевтің «Динамо» клубымен кездекені белгілі.

 Елордалық клуб биыл бесінші мәрте Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді. «Реннмен» кездесуге дайындығын ерте бастады. Ал 9 желтоқсан күні команда Францияның үшінші дивизионында ойнайтын «Шамбли» футбол клубына қарсы жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойында елордалықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.

«Біздің жақсы нәтижеге қол жеткізгіміз келеді. Команда алдында үлкен мақсат қойып отыр. «Астана» командасының турнирлік кестедегі жағдайы бізден жақсы. Сондықтан бүгінгі кездесу қиын ойын болары сөзсіз. Дегенмен, біз ертең жанкүйерлердің қолдауына үлкен сенім артамыз», - дейді «Ренн» футбол клубы бас бапкерінің міндетін атқарушы Жюльен Стефан.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін «Ренн» командасының бас бапкері қызметін Сабри Лямуши атқарған еді. Команда тізгінін биылғы мамыр айында ұстаған ол аталмыш клубтың Еуропа лигасы мен ел біріншілігінде сәтсіз ойындарына байланысты қызметінен кетті.

Ал «Астана» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Григорий Бабаян жанкүйер сенімінен шығуға күш салатынын жеткізіп отыр.

Бұл кездесу бүгін сағат 23.55-те басталады. Аталмыш ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, дәл осы күні аталмыш топтағы «Динамо» (Киев) пен Чехияның «Яблонец» командалары кездеседі.

Соңғы жаңалықтар