Еуропа лигасы: «Астана» плей-оффқа шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Астана» футболдан UEFA Еуропа лигасы плей-офф кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, 8 тамызда «Астана» өз алаңында Мальтаның «Валлетта» клубынан 5:1 есебімен басым түскен болатын. Сондықтан мальталық клубтың жарыстың келесі сатысына шығу мүмкіндігі қиындап кетті.

Елордалық клуб бүгін сырт алаңдағы қарымта ойында да жақсы ойын өрнегін көрсетті. Кездесудің бірінші кезеңінде «Астана» сапынан Роман Муртазаев 25, Марин Томасов 37-минутта гол соқты. Бұдан кейін алаң иелерінің жарыстың келесі сатысына шығу мүмкіндігі одан да қиындай түсті. Өйткені, енді олар кемінде 7 гол соғып, өз қақпасына гол жібермеу керек болды.

Екінші кезеңде де елордалық клуб жинақы ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде 68-минутта Роман Муртазаев тағы бір голдың авторы атанды.

Кездесу нүктесін 89-минутта Марин Томасов қойды. Осылайша елордалық клуб сырт алаңда 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Енді «Астана» плей-офф сатысында Беларусьтің БАТЭ командасымен кездеседі. Беларусь клубы бүгін Боснияның «Сараево» командасын орта жолда қалдырды. «Астана» оларды 22 тамызда өз алаңында қабылдаса, 29 тамызда қарымта ойын өткізеді.



Соңғы жаңалықтар