Еуропа лигасы: «Астана» мальталық клубты жеңе ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында елордалық «Астана» Мальтаның «Валлетта» командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, «Астана» еурокубок ойындарын Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысынан бастап, онда Румынияның ЧФР командасына жол берді. Одан кейін Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында Андорраның «Санта-Колома» клубын орта жолда қалдырып кетті.

Ал «Валлетта» Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Люксембургтің «Дюделанж» командасынан басым түскенімен, одан кейін Венгрияның «Ференцварош» клубына шамасы келген жоқ.

«Валлетта» командасы Мальтаның белгілі клубтарының бірі саналады. Ол ел астанасы - Валлетта қаласында 1943 жылы жергілікті «Валлетта Престонс», «Валлетта Сант Паульс» және «Валлетта Юнайтед» секілді үш команданың бірігуі нәтижесінде құрылған. Бүгінгі күнге дейін «Валлетта» Мальта біріншілігінде 25 мәрте чемпион атанып үлгерді. Бұл жөнінен «Слима Уондерерс» және «Флориана» командаларымен қатарлас келеді. Сондай-ақ, «Валлетта» ел біріншілігінде 18 мәрте күміс, 21 мәрте қола жүлдегер атанған. Оған қоса 13 мәрте Мальта кубогын еншіледі. Қысқаша айтқанда, аталмыш команда құрылғаннан бері әрдайым жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

Мальталық клуб еурокубок ойындарына 1963 жылдан бері қатысып келеді. 1993 жылға дейін олар бірде-бір мәрте қарсыластарынан ұпай ала алған жоқ. Сол жылы УЕФА кубогында Румынияның «Рапид» (Бухарест) командасымен 1:1 есебімен тең түсті. Дегенмен өз алаңында 2:6 есебімен жеңіліп қалды.

Былтыр «Валлетта» өз елінің біріншілігінде 58 ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орыннан көрінді. Қарсыласы - «Хибернианс» командасы да дәл сондай ұпай жинаан еді. Олардың жеңісі, тең түсуі және жеңілісі бірдей болды. Жеңімпаз доп айырмасы арқылы анықталды.

Бүгінгі күні командаға жергілікті маман Даррен Абдилла бапкерлік жасайды. Ол «Валлетта» клубына келгенге дейін «Гзира Юнайтед» командасында бас бапкер және спорттық директор қызметтерін атқарған. 2019 жылдың мамыр айынан бастап Даррен Абдилла «Валлетта» командасының тізгінін ұстады.

«Валлетта» өз алаңындағы ойындарын Ұлттық стадионда өткізеді. Стадион 17 мыңнан астам жанкүйерді қабылдай алады.

«Астана» мен «Валлета» командалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де басталады. Кездесу Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Фото: vk.com/astanafootballclub


Соңғы жаңалықтар