Еуропа лигасы: «Астана» мальталық клубты ірі есеппен жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәл қазір елордада UEFA Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысындағы «Астана» мен Мальтаның «Валлетта» командаларының алғашқы кездесуі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» сапында бірінші минуттан Ненад Эрич, Антонио Рукавина, Лука Шимунович, Евгений Постников, Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Иван Маевский, Рунар Мар Сигурьонссон, Дорин Ротариу, Фирмин Мубеле және Марин Томасов шықты.

Ал «Валлетта» құрамында Анри Бонелло, Райан Камиллери, Жан Борг, Энми Пенья, Джозеф Зерафа, Дуглас Пакер, Роуэн Мускат, Юри, Марио Фонтанелла, Кириан Нвоко және Кевин Тулимьери ойнады.

Матч «Астананың» басымдығымен өтті. Кездесудің негізгі бөлігінде біздің жігіттер қақпаны торуылдады. Нәтижесінде астаналық шабуылшы Рунар Мар Сигурьонссон 8-минутта есеп ашты. Ал 15-минутта Юрий Логвиненко есепті үстемелей түсті. Кездесудің 35-минутында Марин Томасов қақпашымен бетпе-бет шығып,бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ.

Екінші кезеңде де «Астана» басымдығын байқатты. Біздің команда сапынан 57-минутта Рунар Мар Сигурьонссон кездесу барысындағы екінші голын соқты. Бұдан кейін «Валлетта» сапынан Марио Фонтанелла 67 минутта есеп айырмасын қысқартқан еді. Кездесу нүктесін 80-минутта елордалық шабуылшы Рангело Янга қойды. Осылайша «Астана» қарсыласын 5:1 есебімен тізе бүктірді.

«Валлетта» командасы Мальтаның белгілі клубтарының бірі саналады. Бүгінгі күнге дейін «Валлетта» Мальта біріншілігінде 25 мәрте чемпион атанып үлгерді.

Қарымта кездесу 15 тамызда Мальтада өткізіледі.

Естеріңізге сала кетелік, бұл жұпта жеңімпаз атанған команда Еуропа лигасы плей-офф сатысында «Сараево» (Босния және Герцеговина) және БАТЭ (Беларусь) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар