USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Еуропа лигасы: «Астана» «Динамодан» жеңіліп қалды

2018 жылғы 29 қараша 23:56
Бөлісіңіз:
Еуропа лигасы: «Астана» «Динамодан» жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Астана» өз алаңында Киевтің «Динамо» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Еуропа лигасы K тобында көш басында келе жатқан қос команда бүгін кімнің мықты екенін анықтауға белсенді қимыл көрсетті. Айта кетерлігі, қос ұжым бүгінге дейін сегіз-сегізден ұпай жинаған. Сондықтан екеуі де жеңіске жету жолын ойын басынан-ақ іздейтіні анық еді.

«Астана» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Григорий Бабаян кездесудің алғашқы минутынан Ненад Эрич, Бактиер Зайнутдинов, Евгений Постников, Марин Аничич, Антонио Рукавина, Иван Маевский, Ласло Кляйнхайслер, Ричард Алмейда, Марин Томасов, Роман Муртазаев мен Джуниор Кабананганы шығарды. Ал «Динамоның» бас бапкері Александр Хацкевич өз шәкірттері арасынан Денис Бойко, Никита Бурда, Тамаш Кадар, Томаш Кендзера, Виталий Миколенко, Че Че, Владимир Шепелев, Николай Шапаренко, Сидклей Перейра, Беньямин Вербич пен Виктор Цыганковқа сенім білдірді.

Алғашқы минуттан-ақ алаң иелері шабуылға шығуға мән берді. Тіпті олардың есеп ашатын мүмкіндіктері болған еді. Мұндай сәттердің бірінде Марин Томасов өз мүмкіндігін мүлт жіберсе, ендігі бірінде Джуниор Кабананга берілген пасқа үлгере алған жоқ. Әйтеуір, біздің жігіттерге сәттілік жетіспей жатқандай көрінді. Біраздан кейін «Динамо» ойыншылары да алаңға бой үйрете бастағаны аңғарылды. Олар қарымта шабуылдарға мән берді. «Динамо» ойыншысы Беньямин Вербич 29-минутта өз командасын алға шығарды. Бұдан кейін «Астана» футболшылары шабуылды үдете түсті. Дегенмен оны алдыңғы шепте түйіндейтін ойыншы табылмай жатты. Бірінші кезең 1:0 есебімен «Динамоның» жеңісімен аяқталды.

Екінші кезеңде Григорий Бабаян «Астана» сапынан бірқатар ойыншыларды алмастырды. Ричард Алмейданың орнына Серікжан Мужиков шықса, Джуниор Кабананганың орнына Ромело Янга шықты. Біздің жігіттер «Динамо» қақпасы маңын жиі торуылдады. Дегенмен көп сәтте сәттілік жетіспей жатты. Бүгінгі кездесуде «Динамо» 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Бүгін осы топта тағы бір ойын өтеді. «Яблонец» өз алаңында «Реннмен» шеберлік байқасады. Енді «Астана» сырт алаңда 13 желтоқсанда Францияда «Реннмен» кездеседі. Ал «Динамо» дәл осы күні өз алаңында Чехияның «Яблонец» клубын қабылдайды.

Естеріңізге сала кетелік, «Астана» бұған дейін төрт ойын өткізді. Алдымен Киевте жергілікті «Динамомен» 2:2 есебінде тарқасты.

Одан бері «Астана» екі мәрте жеңіске жетіп, бір тең нәтижеге қанағат білдірді. Өз алаңында Францияның «Ренн» клубын 2:0 есебімен жеңсе, сыртта Чехияның «Яблонец» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады.

Аталмыш командамен үш апта бұрын елорда төрінде қарымта ойын өткізіп, бұл кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Әділжан Үмбет

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT