Еуропа лигасы: «Астана» бүгін «Манчестер Юнайтедпен» кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасының алғашқы тур ойындары басталады. Аталмыш турнирде L тобында сынға түсетін елордалық «Астана» сырт алаңда Англияның «Манчестер Юнайтед» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, бұған дейін Еурокубок ойындарында ел намысын қорғаған қазақстандық клубтар бірде-бір мәрте Англия клубымен кездесіп көрген емес. Сондықтан «Астана»-«Манчестер Юнайтед» кездесуі қос елдің командалары арасындағы тарихи ойын саналады.

«Астана» соңғы бес жылда Еурокубок ойындары топтық кезеңіне тұрақты қатысып келеді. Десе де, ағылшындық клуб секілді тәжірибелі командамен ойнап көрген жоқ. Сондықтан бүгінгі кездесу қазақстандық команда үшін үлкен сынақтың бірі болады.

«Астана» 2015/2016 жылғы кезеңде UEFA Чемпиондар лигасында Испанияның «Атлетико Мадрид», Португалияның «Бенфика» және Түркияның «Галатасарай» клубтарымен күш сынасты. Ал іріктеу кезеңінде Словенияның «Марибор», Финляндияның ХИК, Кипрдің АПОЭЛ командаларымен кездесті.

Елордалық клуб 2016/2017 жылғы кезеңде алдымен Чемпиондар лигасын іріктеу кезеңінде Литваның «Жальгирисін» жеңіп, жарыстың келесі сатысында Шотландияның «Селтик» клубына жол берді. Бұдан кейін Еуропа лигасының плей-офф сатысында Беларусьтің БАТЭ клубын орта жолда қалдырып кетті. Нәтижесінде В тобында Кипрдің АПОЭЛ, Грекияның «Олимпиакос» және Швейцарияның «Янг Бойз» клубтарымен кездесті.

«Астана» 2017/2018 жылғы кезеңде Чемпиондар лигасының екінші және іріктеу сатысында Латвияның «Спартак Юрмала», Польшаның «Легия Варшава» клубтарымен жеңіп, плей-офф сатысында тағы да Шотландияның «Селтик» клубына жол берді. Нәтижесінде Еуропа лигасы топтық кезеңіне жолдама алды. Жарыстың бұл сатысында А тобында Испанияның «Вильярреал», Чехияның «Славия Прага» және Израильдің «Маккаби Тель-Авив» командаларымен ойнады. Өз тобында екінші орын алған «Астана» жарыстың 1/16 финалында Португалияның «Спортингіне» есе жіберді.

«Астана» 2018/2019 жылғы кезеңде де алдымен Чемпиондар лигасында ойнады. Алдымен Черногорияның «Сутьеска», Данияның «Мидтьюлланн» командаларын сүріндіріп, үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Динамо Загреб» командасына жол берді. Одан кейін Еуропа лигасы плей-офф сатысына қатысуға жолдама алған «Астана», бұл жолы да Кипрдің АПОЭЛ клубынан басым түсті. Сосын К тобында Украинаның «Динамо Киев», Францияның «Ренн» және Чехияның «Яблонец» клубтарымен кездесті.

Биыл Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Румынияның ЧФР клубына жол берді. Одан кейін Еуропа лигасында Андорраның «Санта-Колома», Мальтаның «Валлетта», Беларусьтің БАТЭ клубтарын орта жолда қалдырды. Осылайша «Астана» топтық кезеңге жолдама алды.

Аталған командалар арасында «Манчестер Юнайтед» командасының орны бөлек. «Манчестер Юнайтед» 1878 жылы құрылған. Содан бергі уақытта Англияның 20 мәрте чемпионы атанды. Соңғы рет 2012/2013 жылғы кезеңде «алтыннан» алқа таққан болатын. Айта кетерлігі, 1903 жылдан бері командада небәрі 8 бас бапкер қызмет атқарды. Олардың арасында шотланд маманы Алекс Фергюсонның зор еңбегі бар. Аталмыш маман бапкерлік жасаған уақытта «Манчестер Юнайтед» 13 мәрте Англия Премьер-лигасында чемпион болса, 2 мәрте Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. Команданың одан өзге де толайым табысы жетерлік.

Қазіргі таңда аталмыш клубқа норвегиялық Уле Гуннар Сульшер бас бапкерлік жасайды. Кезінде 1996-2007 жылдарда «Манчестер Юнайтед» клубында 235 ойын өткізіп, қарсыластар қақпасына 91 гол соққан ол, 2018 жылдан бері бапкерлік тізгінді қолға алды. Былтыр манчестерлік клуб өз елінің біріншілігінде алтыншы орынды қанағат тұтты.

Бүгінде «Манчестер Юнайтед» клубын АҚШ-та тұратын Глейзер әулеті қаржыландырады. 2005 жылы американдық кәсіпкер Малкольм Грейзер команданы өз иелігіне алды. Биыл Глейзер әулеті командадағы үлесін 75 пайызға арттырды.

«Манчестер Юнайтед» командасында қазір көптеген тәжірибелі футболшылар ойын көрсетеді. Олардың қатарында испаниялық қақпашы Давид де Хеа, жартылай қорғаушы Хуан Мата, француз шабуылшылары Антони Марсьяль, Поль Погба, ағылшындық футболшылр Маркус Рашфорд, Эшли Янг, Джесси Лингард сынды үздіктер бар.

«Манчестер Юнайтед» командасының бас бапкері Уле Гуннар Сульшер бүгінгі кездесуде жас футболшылар көбірек алаңға шығатынын айтып өтті. Олар жас болғанмен жасыл алаң төрінде жақсы қырынан танылып үлгерген. Сондықтан бүгінгі ойын олар үшін өздерінің шеберлігін тағы да бір мәрте көрсетуге жол ашатын болады.

«Манчестер Юнайтед» және «Астана» арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 01.00-де әйгілі «Олд Траффорд» стадионында басталады. Кездесу QazSport телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.



Соңғы жаңалықтар