Еуропа лигасы: «Астана» «АЗ Алкмардан» есе қайтара ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі төртінші тур ойындары өткізіледі. Аталмыш додада сынға түсіп жатқан елордалық «Барыс» өз алаңында Голландияның «АЗ Алкмар» командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, L тобында сынға түсіп жатқан екі команда 24 қазанда Голландияда өзара кездесті. Бұл ойында «АЗ Алкмар» клубы «Астананы» 6:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Қазіргі таңда «АЗ Алкмар» турнир кестесінде 5 ұпаймен екінші орында келеді. Оларды Сербияның «Партизан» командасы 4 ұпаймен өкшелеп тұр. Ал «Астана» төрт ойыннан кейін бірде-бір ұпай жинаған жоқ. Көш басында 7 ұпаймен Англияның «Манчестер Юнайтед» клубы келеді.

«Астанамен» өткен ойыннан кейін «АЗ Алкмар» өз елінің чемпионатында екі кездесу өткізіп, екеуінде де ірі есеппен жеңіске жетті. Алдымен 27 қазанда сырт алаңда ПСВ командасын 4:0 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін өз алаңында «Твенте» клубын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде турнир кестесінде 12 ойыннан кейін 26 ұпаймен екінші орынға табан тіреді.

Ал «Астана» сол ойыннан кейін өз еліміздің чемпионатында үш қарсыласымен кездесті. Алдымен 27 қазанда елордада «Ақтөбені» 5:0 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін 30 қазанда сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпес» және 3 қарашада Қостанайдың «Тобылынан» 1:0 есебімен басым түсті. Осылайша «Астана» алтыншы жыл қатарынан чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Екі апта бұрын елордалық клуб сапында бірқатар футболшылар «АЗ Алкмар» клубына қарсы ойын өткізе алған жоқ. Олардың қатарында Қазақстан чемпионатында сұрмергендер көшін бастап тұрған Марин Томасов бар. Хорват шабуылшысы бүгінгі кездесуде «Астананың» үш ұпай олжалауына қол ұшын созады деген сенім бар.

«АЗ Алкмар» клубының бас бапкері Арне Слот бүгінгі ойын тартысты өтеді деген сеніммен келгенін жеткізді. Өз шәкірттері топтық кезеңіндегі жолдама тағдырын ертерек шешуі үшін жеңіске жетуге бар күшін салатынын айтты.

«Астана» командасы да топтық кезеңдегі қалған ойындарда жанкүйерді қуантарлық нәтижеге қол жеткізуден үміттенеді. Кездесу барысында алға қарай ұмтылып, қарсыласты қапы қалдыратын ұрымтал сәттерді тиімді пайдалануға көңіл бөледі.

Бүгінгі күнге дейін елордалық клуб Еуропа лигасындағы 44 ойын өткізеді. Оның ішінде 16-ы олардың жеңісімен аяқталса, 18 кездесуде қарсыластарына есе жіберді. Қалған 10 ойында тең нәтиже тіркелді. Қарсыластар қақпасына 61 гол соқса, өз қақпасына 63 гол жіберіп алды.

«Астана» мен АЗ «Алкмар» арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 21.50-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Фото: fcastana.kz

Соңғы жаңалықтар