Еуропа лигасы: «Астана» АПОЭЛ клубынан жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 23 тамызда Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде елордалық «Астана» сырт алаңда Кипрдің АПОЭЛ командасымен кездесіп, 0:1 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, биыл екі команда да еурокубок ойындарын Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастаған еді. Кипрліктер бірінші іріктеу кезеңінде Литваның «Судува» командасымен кездесті. «Судува» клубына қазақстандық маман Владимир Чебурин жетекшілік ететіні белгілі. Литвалық клуб АПОЭЛ командасын өз алаңында 3:1 есебімен тізе бүктіріп, сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Қос ойынның нәтижесімен «Судува» жарысты жалғастырды. Ал АПОЭЛ осыдан кейін УЕФА талабына сәйкес Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне түсті. Онда Эстонияның «Флора» клубын өз алаңында 5:0 есебімен басым түссе, сырт алаңда 0:2 есебімен есе жіберді. Десе де қос ойынның нәтижесі кипрлік клубтың жарысты жалғастыруға мүмкіндік жасады. Одан кейін кипрлік команда Израильдің «Хапоэль Безр-Шева» клубын орта жолда (2:2, 3:1) қалдырды.

Ал «Астанаға» бұған дейін Чемпиондар лигасында сынға түсті. Алғашқы екі кезеңде алдымен Черногорияның «Сутьеска» клубын  (1:0, 2:0), одан кейін Данияның «Мидтьюлландын» (2:1, 0:0) артқа тастап кетті. Дегенмен үшінші іріктеу кезеңінде олар Хорватияның Загреб қаласының «Динамо» командасына қауқар көрсете (0:2, 0:1) алған жоқ. Соның салдарынан енді Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде сынға түсетін болды.

Екі команда бұған дейін де еурокубок ойындарында шеберлік байқасты. Алғаш рет олардың 2015 жылы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде жолы түйісті. Елордада өткен ойында қарсыласын 1:0 есебімен жеңген «Астана» сырт алаңда 1:1 есебімен тең нәтижеге қол жеткізді. Осының арқасында олар өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Оданк кейін екі команда Еуропа лигасында В тобында сынға түсіп, қос ойында 2:1 есебімен екі команда алма-кезек жеңіске жетті.

Бүгінгі кездесуде «Астананың» бас бапкер міндетін Григорий Бабаян атқарды. Елордалық клубтың украиналық бас бапкері Роман Григорчук Хорватияның «Динамо» клубынан жеңілісінен кейін белгісіз себептермен қызметінен уақытша кеткенін мәлім етті.

Бүгінгі кездесуде «Астана» командасы алғашқы минуттан шабуылға шықты. Ойынның небәрі 1-минутында Ласло Кляйнхайслер алыстан шірене доп тепкен еді. Ол қақпадан сәл ғана қиыс кетті. Ал 2-минутта Педро Энрике де алаң иелері қақпашысын мазалап көрді. Бірінші кезеңде бұдан басқа да гол соғатын мүмкіндіктер болған. Алайда олар діттеген мақсатына жетпеді. Мұндай мүмкіндіктер АПОЭЛ командасында да болды. Десе де олардың ешбірі голға айналған жоқ.

Екінші кезең бастала салысымен алаң иелері шабуыл шебін күшейтті. Олар өз дегеніне 81-минутта жетті. АПОЭЛ ойыншыларының бірі әуелете тепкен доп «Астана» қақпасы маңдайшасына тиіп кейін серпілген еді. Оны АПОЭЛ клубының бразилиялық шабуылшысы Кажу қақпаға баспен ұрды. Осылайша есеп ашылды. Есеп 1:0.

Қарымта кездесу енді 30 тамызда Астанада өтеді. Жеңімпаз команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түсу мүмкіндігіне ие болады. Естеріңізге сала кетелік, «Астана» бұдан бұрынғы екі жылда да Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті.

Соңғы жаңалықтар