Еуропа лигасы: «Астана» андорралық клубтан айласын асыра ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» сырт алаңда Андорраның «Санта-Колома» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, «Астана» биыл еурокубок ойындарын UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінен бастаған еді. Онда Румынияның ЧФР командасына жол берді.

Ал «Санта-Колома» жарысты аталмыш турнирдің алдын ала іріктеу сатысынан бастады. Алдымен алдын ала іріктеу сатысының жартылай финалында Сан-Мариноның «Тире Пенне» командасын 1:0 есебімен жеңіп, одан кейін финалда Косовоның «Ферроникели» клубына 1:2 есебімен жол берді. Осылайша Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысына қатысатын болды.

«Санта-Колома» – еліндегі тәжірибелі клубының бірі саналады. Команда 1986 жылы құрылған. Бүгінгі күнге дейін 13 мәрте Андорра чемпионатында алтыннан алқа тақты. Соңғы алты жылдан бері чемпиондық тұғырға тұрақты түрде көтеріліп келеді. Еурокубок ойындарында әзірге жоғары жетістігімен жанкүйерді қуанта алмай келеді. Тек 2014 жылы Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Арменияның «Бананц» командасын орта жолда (1:0, 2:3) қалдырып кетті. Онда сырт алаңда соққан голдың есебінен жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Дегенмен жарыстың келесі сатысында Израильдің «Маккаби» (Тель-Авив) командасына шамасы келген жоқ.

Биыл команда құрамы бірқатар футболшылармен толықты. «Санта-Колома» сапына әлемнің белгілі клубтарында тәжірибе жинақтаған Хави Комоча, чилилік Николас Медина сынды жігіттер бар.

«Санта-Колома» сапынан ұлттық құрама сапында ойнайтын футболшылар бар. Солардың бірі – Хорди Алаэс былтыр 9 қыркүйекте Ұлттар лигасы аяясындағы Андорра құрамасының Қазақстанмен өткізген кездесуіне қатысты. Сол ойында гол соғып кетті. Нәтижесінде екі құрама 1:1 есебімен тең түсті. Сондай-ақ, аталмыш клуб жейдесін киген Энрик Пи Сола да ұлттық құрама сапында ойын көрсетеді. «Санта-Колома» командасына испан маманы Марк Родригес жетекшілік етеді. Ол клубтың жоғары орыннан көрінуіне зор үлес қосып келеді.

Кездесу Андорра-ла-Велья елді мекеніндегі 1 600 адам сиятын «Комуналь» стадионында өткізіледі. Бұл елді мекенде 3 мыңға тарта адам тұрады.

«Санта-Колома» мен «Астана» командалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 00.00-де басталады. Тікелей көрсетілім андорралық клубтың Youtube-каналы арқылы жасалады деп жоспарланып отыр.

Қос клубтың жеңімпазы жарыстың келесі сатысында бүгінгі таңда Чемпиондар лигасы екінші сатысында сынға түсіп жатқан «Ференцварош» (Венгрия) және «Валлетта» (Мальта) жұбының жеңілген командасымен шеберлік байқасады.



Фото: fcastana.kz

Соңғы жаңалықтар