Еуропа лигасы: «Астана» алғашқы ойында тең түсті

None
None
КИЕВ. ҚазАқпарат - Елордалық «Астана» Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі алғашқы кездесуін сырт алаңда Украинаның «Динамо» (Киев) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жанкүйерлер бұл ойынды асыға күткені анық. Қазақстан мен Украина командалары бір-бірімен талай мәрте шеберлік байқасты. Бұл орайда кеңестік кезеңде жоғары лигада біздің еліміздің атынан Алматының «Қайраты» сынға түскені белгілі. Одан бері қаншама жылдар өтті. Десе де «Динамо» еурокубок ойындарында біздің еліміздің екінші командасымен жүздесіп отыр. Олар 2013 жылы Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде «Ақтөбені» (3:2, 5:2) сүріндіріп кеткен еді.

Байқағанымыздай, «Динамо» сапында жергілікті футболшылар саны басым. Қазір командада жастар көбірек ойын көрсетіп жүр. Олардың арасында болашағынан зор үміт күттіретін футболшылар бар.

Бүгінгі кездесуді «Динамо» қарқынды бастады. Алаңның кез келген бөлігінен шабуылға шығып жатты. Гол соғатын бірқатар мүмкіндіктерді ұйымдастырды. Киевтік клуб голды 11-минутта соқты. Виталий Буяльскийдің әдемі пасын Виктор Цыганков қақпаның оң жағынан салып кетті. Бұдан кейін алаң иелері тыныш күйге түскендей. «Астана» жігіттері де ес жинап, шабуылға шығу мүмкіндіктерін қарастырды. Арада 10 минут өткенда таразы басын теңестіріп үлгерді. «Динамо» ойыншылары өздерінің қақпасының маңында өрескел қателік жіберіп алды. Осының нәтижеінде «Астана» жартылай қорғаушысы Марин Томасов «Динамо» қақпашысы Денис Бойкомен бетпе-бет шықты. Дегенмен оны голға айналдыра алған жоқ. Қорғаушы допты сыртқа шығарып үлгерді. Десе де шамалы уақыт өткеннен кейін Джуниор Кабананга әуелете берген добын «Астана» ойыншысы Марин Аничич баспен қақпа торына кіргізді. Есеп 1:1.

Марин Томасов аталмыш кездесуде біраз мүмкіндікті құр жіберіп алды. Мәселен, 40-минутта қақпашымен бетпе-бет қалғанымен соңғы сәтте оның аяғындағы допты «Динамо» қорғаушысы қауіпсіз аймаққа шығарып үлгерді. 45-минутта «Астана» қақпашысы Ненад Эрич өрескел қателік жіберді. Қолындағы допты уысынан шығарып алды. Оны Денис Гермаш голға айналдырып үлгерді. Есеп 2:1. «Динамо» бірінші кезеңді жеңіспен аяқтады.

Екінші кезеңде алаң иелері өз басымдығын көрсетті. Көптеген шабуыл ұйымдастырды. «Астана» ара-тұра шабуылға шықты. Доп негізінен «Динамоның» еншісінде болды. Дегенмен біздің команда да есепті теңестіретін мүмкіндіктер кездесті. 95-минутта «Астана» таразы басын теңестірді. Әуелете жеткен допты «Астана» шабуылшысы Роман Мұртазаев баспен қақпаға енгізді. Есеп 2:2, Ойын осы есеппен аяқталды.

Біздің топтағы Францияның «Ренн» командасы өз алаңында Чехияның «Яблонец» клубын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Естеріңізге сала кетелік, «Астана» алғашқы іріктеу кезеңінде өз алаңында Черногорияның «Сутьескасын» 1:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 2:0 есебімен басым түсті. Одан кейін екінші іріктеу кезеңінде олар Данияның «Мидтьюлланд» клубын (2:1, 0:0) тізе бүктірді. Дегенмен үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Динамо» (Загреб) клубына (0:2, 0:1) есе жіберіп қойды. Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде Кипрдің АПОЭЛ клубынан сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліп, өз алаңында дәл осы есеппен жеңіске жетті. Жеңімпаз ойын соңындағы пенальти тебу арқылы анықталды.

«Астана» келесі ойынын 4 қазанда өткізеді. Сол күні өз алаңында Францияның «Ренн» клубын қабылдайды. Ал «Динамо» Чехияда «Яблонецпен» кездеседі.

Соңғы жаңалықтар