Еуропа лигасы: Адеринсола Эсеола «Қайратқа» жеңіс сыйлады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 26 шілдеде Алматының «Қайраты» өз алаңында Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде Голландияның АЗ (Алкмаар) командасын қабылдап, олардан 2:0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайрат» бүгінге дейін Еуропа лигасында 27 ойын өткізген екен. Қуанарлығы, оңтүстік астана командасы 13 кездесуде жеңіске жетсе, 5-де тең түсіп, 8-де жеңілген. Дегенмен біздің команда еурокубок ойындарының топтық кезеңінде бүгінгі кезеңге дейін сынға түсіп көрген жоқ. Сол олқылықтың орнын биыл толтыра ала ма? «Қайратқа» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде жеребе жолдас болды. Андорраның «Энгордань» клубы біздің командаға лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Екі ойында андорралықтар 1:10 есебімен жеңілді. Дегенмен екінші іріктеу кезеңі «Қайрат» үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Қарсыласымыз - голландиялық АЗ командасы. Бұл қарсыласымыз оңай жеңіле қоймайды деуге негіз бар.

Ойын басталған сәттен алаң иелері шабуыл шебін күшейтті. Десе де ара-тұра голландиялық футболшылар да біздің қақпашымызды мазалап тұрды. Алғашқы он минут ішінде олардың қауіпті шабуылдары байқалды. Бұдан кейін «Қайрат» командасы қонақтарды тықсыра бастады. Кездесудің 12-минутында алматылық клубтың жартылай қорғаушысы Адеринсола Эсеола өзінің шеберлігін көрсетті. Оң қанаттан екі қарсыласын алдап өтті. АЗ қақпашысымен бетпе-бет келген сәтте еш абыржымастан допты шірене тепті. Бұл доп қақпа торына барып тулап жатты. Бұдан кейін ойын одан әрі тартысты бола түсті. Қонақтар бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Біздің қорғаушылар бірнеше шабуылға тойтарыс бере білді. Ал 24-минутта қайраттық Бауыржан Исламханға әріптестері тамаша пас берді. Ол АЗ қақпасы маңында бірнеше қарсыласын алдап өтіп, қақпаға доп бағыттаған еді. Тепкен добы АЗ қорғаушыларының біріне тиіп, сыртқа шығып кетті. Бірінші кезеңде қонақтар тек қорғаныста болған жоқ. Бірнеше сәтте біздің ойыншылар мазасын алды.

Екінші кезеңнің 46-минутында Бауыржан Исламхан қақпашымен бетпе-бет шығатындай мүмкіндік болды. Соңғы сәтте қонақтар оған тосқауыл бола білді. Ал 50-минутта Адеринсола Эсеола есепті үстемелеп, өзінің еншісіне екінші голды жазды. Бұдан кейін де қос команданың алма-кезек шабуылы көрініс берді. Соңғы 20 минутта «Қайраттың» басымдығы айқын аңғарылып тұрды. 84-минутта алаң иелерінің есепті үстемелеуге керемет мүмкіндігі туды. Ал 86-минутта АЗ қорғаушысы қақпа маңында қолмен ойнады. Төреші белгілеген айып добын Бауыржан Исламхан сәтті орындай алған жоқ. Ол 87-минутта оң қанаттан Андрей Аршавинге әуелете доп берген еді. Оны ресейлік легионер өз пайдасына жаза алған жоқ. «Қайрат» қарымта кездесуді 2 тамызда сырт алаңда өткізеді.

Естеріңізге сала кетелік, АЗ команда бұдан бұрынғы жылдарда да біздің командалармен шеберлік байқасты. Еуропа лигасында 2010 жылы Ақтөбеде «Ақтөбеден» 1:2, 2014 жылы Қарағандыда «Шахтермен» 1:1 есебімен тең ойнаған еді. Яғни, олар біздің елімізде бірде-бір мәрте жеңіске жетіп көрген жоқ.

Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде сынға түсіп жатқан Қостанайдың «Тобылы» бүгін Арменияның «Пюнигінен» 2:1 есебімен басым түсті.

Естеріңізге сала кетелік, 24 шілдеде елордалық «Астана» Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде Данияның ««Мидтьюлланд»» командасынан 2:1 есебімен басым түсті. Енді олар 1 тамызда сырт алаңда жарыстың келесі кезеңіне берілетін жолдаманы сарапқа салады. «Астана» бірінші іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» клубын өз алаңында 1:0, сырт алаңда 2:0  есебімен жеңді.

Соңғы жаңалықтар