Еуропа құрғақшылыққа байланысты суды үнемдеуге көшті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Францияда аптап ыстық пен туристік маусымның қызған шағында суды пайдалануға шектеулер енгізілді. Елде құрғақшылық қаупі жарияланды, бірақ жағдай әр аймақта әртүрлі және соған қарай қабылданып жатқан шаралар да бір-бірінен өзгеше, деп хабарлайды ҚазАқпарат еuronews-ке сілтеме жасап.

Мәселен, Лионда әзірге көгалды суаруға немесе машина жууға болмайды. Тыйымды бұзғанға айыппұл салынуы мүмкін. Оңтүстіктегі Лазурный жағалауында жүзге жуық коммуна су тапшылығына ұшырады. Жергілікті жағажайлардағы душ бағаналарында су тоқтатылды.

Құрғақшылық көрсеткіштерінің бірі – су қоймаларының тартылуы. Савойдағы Анси көлінде жаз басталғалы бері су деңгейі 33 см-ге төмендеді. Әзірге бұл жағдай флора мен фаунаға әсер етпеген. Бірақ, адамдар қазірдің өзінде, атап айтқанда су көлігіне байланысты біраз қиындыққа тап болып жатыр.

Су тапшылығы Еуропаның көптеген аймақтары үшін күрделі мәселеге айналып отыр. Мажарстанда метеорологтар 1901 жылдан бері, яғни бір ғасырдан астам уақытта болмаған ең құрғақ жеті айды тіркеді. Су ресурстары бас басқармасының мәлім етуінше, биыл жауын-шашынның орташа мөлшерінің жартысы ғана жауған.

Ұлыбританияда аптап ыстық ауыл шаруашылығына қиындық туғызды. Фермерлер малға көк шөптің қалмағанын және егінді суару үшін су жеткіліксіздігін айтады.

Билік су тұтынуды шектеп жатса, экологтар батпақтарды қалпына келтіруді ұсынып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл шара құрғақшылықпен ұзақ мерзімді күресу үшін жеткілікті ылғал жинауға мүмкіндік береді.



Фото:euronews.com



Соңғы жаңалықтар