Еуропа қайта құру және даму банкі ШОБ субьектілерін қаржыландыру үшін 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Еуропа Қайта құру және Даму банкі мен Центр Кредит банкі Қазақстандағы шағын және орта бизнес субьектілерін қаржыландыру үшін әрқайсысы 5 жыл мерзімге берілетін 5 млрд теңгеден 2 траншты тарту туралы несиелік келісімшарт жасады.

Қаржы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен кепілдендіріліп, жылдық 7,7% мөлшерлемемен берілді.

ЕҚДБ Моңғолия, Кавказ, Орталық Азия қаржылық мекемелері бойынша директоры Майкл Тейлордың айтуынша, несиелік келісімнің бірнеше ерекшелігі бар.

Қаржы Қазақстанның барлық өңірлерінде орналастырылады (60%), атап айтқанда Алматы мен Астана қалаларынан тыс өңірлерге басымдық беріледі (40%)

«Несиелеу бағдарламасы негізінен ауылдық жерлерді қаржыландыруға бағытталған. Негізгі басымдық Алматы мен Астанадан қашық жатқан аймақтарға беріледі. Сондай-ақ, қаржы теңгемен беріледі. Бұл көптеген кәсіпорындардың валюталық тәуекелдерден аман болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, әр банк пен қаржылық органға арнап ЕҚДБ тарапынан тәуекелділікті басқару, қызметкерлерді оқыту, және ІТ-технологияларды жетілдіруді көздейтін техникалық қолдау көрсетіледі», - деді Майкл Тейлор.

Майкл Тейлор аталған мәміленің ЕҚДБ тарапынан Қазақстан экономикасын қолдауға арналған жаңа бағдарлама аясындаға алғашқы несиелік келісім екендігін атап өтті. Аталған бағдарлама аясында 200 млн доллар көлемінде қаржы бөлу қарастырылған.

Айта кету керек, бұл келісімде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры кепілгер ретінде қатысып отыр. Оған дейін бұл рөлді мемлекет атқарып келген.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында дағдарыстан аман алып қалу үшін Қазақстан экономикасына халықаралық қаржы институттарынан 150 млрд теңге бөлінетінін атап өткен болатын. Соның алғашқы көрінісі ретінде ЕҚДБ мен ЦКБ арасындағы келісімді айтуға болады. Егер, жоғарыда аталған 200 млн доллар дер уақытында игерілсе, қаржылық қолдаумен 396 ШОБ кәсіпорындарын қамтып, 792 жұмыс орнын ашу көзделуде. Жүзеге асыру барысында 5 жыл ішінде жоба санын 1400-ге жеткізу жоспарлануда. Несиелеу сомасы 64 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Бұл қарыз алған кәсіпорындардың 296 млрд теңге көлемінде өнім өндіріп, 43 млрд теңге көлеміндегі салық түсімін қамтамасыз етеді», - деді «Даму» қорының атқарушы директоры Ғабит Лесбеков.

Несиелеудің шарттарына келер болсақ, ең жоғары сома 3 млн АҚШ долларына дейін жетеді. Несие 14 % мөлшерлемемен 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Соңғы жаңалықтар