Еуропа Қайта құру және Даму банкі Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға 3,7 млрд. теңге бөлді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Еуропа Қайта құру және Даму банкі мен «Банк ЦентрКредит» АҚ арасында Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламасына 3,720 млрд. теңге көлемінде 5 жыл мерзіміне 2 траншты тарту туралы несиелік келісімге қол қойылды.

Бүгінгі келісім аясында "Бизнестегі əйелдер" бағдарламасын жүзеге асыру үшін аталған соманың алғашқы траншы - 1,860 млрд. теңге көлемінде несие тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қарыз қаражаты "Даму" кəсіпкерлікті қолдау қорының кепілдігімен ресімделді.

Несие алушылар 14% жылдық пайыздық мөлшерлемесімен ең шекті сома 550 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Қаржы ұлттық валютамен беріледі. Несиені қайтаруға теңге бағамының өзгеруі әсер етпейді деп сендірді мамандар.

Айта кету керек, "Бизнестегі əйелдер" кешенді бағдарламасы ҚР Үкіметі мен ЕҚДБ арасында серіктестік аясында жүзеге асып отыр. Несие желісінің 8,2 млн. АҚШ доллары Қазақстан тарапынан, 41 млн АҚШ доллары ЕҚДБ тарапынан тартылады. Қаражаттың 60%-ы Алматы мен Астанадан бөлек аймақтағы кəсіпкерлерге беріледі. Тартылған қаржымен 5 жылда 100-ден аса жоба қаржыландырылады деп болжанып отыр.

Қаржы "Даму" қорының директоры Лəззат Ибрагимованың айтуынша, кəсіпкер əйелдер арқасында елде 200-ден аса жаңа жұмыс орындары құрылып, 630 млн теңге көлемінде салық төлемдері төленеді.

"Бүгінгі күні "Даму" қоры әйелдердің бастамасымен жүзеге асып отырған 1,5 мыңға жуық жобаға 12 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Осы жобалар негізінде 1000-ға жуық жұмыс орындары ашылған. Дамудан демеуқаржы алатын 6 мың компанияның ішінде 1800-і, яғни 29%-ы əйелдер кəсіпкерлігіне жатады. Олар көбіне балабақша, медициналық орталықтар ашуға ұмтылады. Əдетте əйелдер кəсіпкерлігінің төлем қабілеттілігі өте жоғары", - деді қор директоры Лəззат Ибрагимова.

Баспасөз мәслихатында Қазақстан экономикасының ағымдағы ахуалы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен басқа да тақырыптар бойынша мәселелер талқыланды.

"ЕҚДБ Қазақстан еліне арнап мемлекеттегі əйелдер кəсіпкерлігін көтеру үшін əйелдердің ұлттық валютамен ұзақмерзімді қаржыландыруға, бизнесті дамыту бойынша қаржылық емес қызметтерге қол жеткізу үшін "Бизнестегі əйелдер бағдарламасының негізін қалады. Осындай бағдарлама əйелдер басқаратын кəсіпорындардың тең мүмкіндікке ие болып, жаңа жұмыс орындарын ашуына, ШОБ субьектілерінің бəсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Бұл жаңа жобаны жүзеге асыруға серіктестік білдіргені үшін премьер-министр Кəрім Мəсімовке, ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа алғысымызды жеткіземіз", - деді ЕҚДБ директоры Қазақстандағы директоры Джанет Хэкман.

Екінші транш 2015 жылдың соңғы тоқсанында беріледі.

Соңғы жаңалықтар