Еуроодақтың Орталық Азия бойынша стратегиясы 15 мамырда таныстырылады

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы 15 мамырда таныстырылады. Бұл туралы «ҚР-ЕО» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 16-шы отырысында Еуропалық дипломатиялық қызметтің Орталық Азия бойынша басшысы Борис Ярошевич мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Стратегия негізгі екі бөлімнен тұрады. Біріншісі тұрақтылықпен байланысты болады. Оған заң үстемділігі, қауіпсіздік мәселелері, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі, білім және жастармен байланысты тақырыптар кіреді», - деді Б.Ярошевич.

«Екінші бөлімі Орталық Азиядағы гүлдену және әл-ауқат мәселелеріне қатысты болмақ. Ондағы тақырыптар негізінен Еуропа мен Азиядағы реформалар, жекеменшік бизнес және өзара сабақтастыққа байланысты болады», - деп қосты ол.

Дипломаттың айтуынша, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша стратегиясында Қазақстан «маңызды рөл атқаратын болады». Бұл құжат онжылдық мерзімді қамтып, аймақтағы ынтымақтастық бағдарламасын анықтауға септігін тигізеді.

«Адам құқықтары мәселелері (стратегияда), әрине, үлкен маңызға ие болмақ. Біз бұл стратегияны 15 мамырда жарияламақпыз», - деп атап өтті спикер.

«Стратегия жарияланған соң, Еуроодаққа мүше елдер құжатты маусым айында мақұлдауы тиіс. Маусымның басында бізде Федерика Могерини ханым мен Орталық Азия Сыртқы істер министрлерінің арасында кезекті кездесу өтіп, онда бұл стратегия ресми түрде таныстырылып, талқыға салынады», - деп атап өтті Б.Ярошевич.

Оның айтуынша, жаңа стратегияның негізгі мақсаты - Еуроодақтың соңғы уақытта орын алған өзгерістерді есепке ала отырып, аймақ елдерімен серіктестікті тереңдету.

«Бірінші стратегия 2007 жылы таныстырылған, бірақ қазіргі кезде Орталық Азияда көп нәрсе өзгерген. Біз құжатта оны ескердік», - деді Еуропалық дипломатиялық қызметтің өкілі.

«Стратегияда акцент көпжақты қарым-қатынастарға жасалады. Орталық Азияда аймақтық деңгейде жақсы шешілетін ортақ міндеттер бар», - деп бөлісті ол.

Автор: Тимур Дүйсекеев

Соңғы жаңалықтар