Еуроодақ өкілдері елордада тал екті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Еуропалық Одақтың климаттық дипломатиясы және #EU4GreenKZ науқаны аясында Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі осы ұйымға мүше мемлекет өкілдерімен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ЭКСПО аумағында ағаш отырғызу іс-шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуроодақ Қазақстанның орнықты даму жолында жасаған батыл қадамдарын жоғары бағалайды. 2013 жылы Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу бойынша жоспарды іске қосты. Бұл – Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі ең маңызды жоспарлардың бірі. Біз екіжақты және аймақтық «жасыл экономика « бағдарламаларымыз арқылы Қазақстанның бұл жетістіктеріне үлес қосқанымызды мақтан тұтамыз. Қоршаған орта мен «жасыл экономика « саласындағы ынтымақтастық – 2020 жылдың наурыз айында күшіне енген Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптeстік пен ынтымақтастық туралы келісімнің басты бағыттарының бірі», - деп атап өтті Қазақстандағы ЕО елшісі Свен-Олов Карлссон.

27 тал көшеті (15 шырша және 12 емен ағашы) – ЕО-ға мүше 27 мемлекеттің символы іспеттес. Бұл ағаштар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы достық пен «жасыл» және тұрақты болашаққа ортақ бейілділіктің нышаны болмақ.

«Нұр-Сұлтан аумағындағы «жасыл белдеу» аумағы ұлғайып, 2022 жылға қарай 1100 гектарға жетеді. Қазірдің өзінде елорда маңындағы тал саны 137 миллионға жетті. Тағы да 50 миллионға жуық тал егіледі деп жоспарлануда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауларында елдің «жасыл экономикаға» көшуін және экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты мәселені айтып өтеді. Жыл сайын елімізде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту бағытында әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Жуықта қабылданатын жаңа экологиялық кодекс - солардың бірі», - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Аталған шараға Қазақстанда тіркелген ЕО-ның 21 мүше мемлекеттерінің елшілері мен жоғары өкілдері қатысты.

«Еліміз бойынша 2 миллирдқа жуық көшет отырғызылады. Нұр-Сұлтан ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын алғаш болып қолдаған қала - «Жасыл белдеу» елордаға қалай әсер еткенін көріп отырмыз, климат өзгерді, тұрғындар үшін ыңғайлы бола бастады. Қаланың дамуы үшін инфрақұрылымды дамыту маңызды, бірақ «Жасыл белдеу» туралы да ұмытпауымыз керек. Бүгінгі шара қоршаған ортаны қорғауды ұмытып кетпегеніміздің мысалы» - дейді елорда әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.

Еуропалық Одақ өкілдерінің айтуынша, ұйым климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша халықаралық іс-қимылдардың алдыңғы қатарында және серіктес елдердің климаттың өзгеруіне, қоршаған орта мен экожүйелерді қорғауға бағытталған жұмысын қолдайды. 2015-2018 жылдар аралығында ЕО Қазақстанның ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылығы мен экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған 7 миллион еуроны құрайтын бағдарламасы арқылы Қазақстанның «жасыл экономика» моделіне көшуін қолдады. Қазақстанның «жасыл экономика» моделіне көшуге деген мақсаты ЕО-ның Орталық Азиядағы экологиялық, климат және су тұрақтылығын арттыру бойынша күш біріктіру аймақтық басымдылығымен үйлеседі.

Бүгінгі таңда ЕО-ның су, энергия, қоршаған орта және су-азық-түлік-энергия байланысын тұрақты пайдалануды қамтитын 15 аймақтық бағдарламасы бар. Олардың жалпы сомасы шамамен 100 миллион еуроны құрайды, соның ішінде флагмандық қоршаған орта мен су ресурстары саласындағы ынтымақтастық бойынша WECOOP және NEXUS бағдарламалары және Орталық Азия су және энергетика қауіпсіздігін дамыту бағдарламасы (CAWEP).

#EU4GreenKZ науқаны шеңберінде Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің әлеуметтік желі парақшаларында Ecoselfie фото байқауын, Эразмус студенттерінің қатысуымен «Green Europe Tour» жобасы мен онлайн «жасыл» шеберлік сыныптары сериясын ұйымдастыру жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар