Еуроодақ қуатты жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға көмек көрсетуге дайын

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуропалық одақ Түркия тарапының өтінішімен шұғыл түрде іздеу-құтқару тобын жасақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі Рихтер шкаласымен 7,4 балдық қуатты жер сілкінісі ғасырдан астам уақыттан кейін Түркияның Газиантеп ауданында болды. Жер сілкінісі көршілес Сирия еліне де әсерін тигізді.

«Біздің ой-пікіріміз Түркия және Сирия халқымен бірге. ЕО көмектесуге дайын», - деп жазды еуропалық дипломатия басшысы Жозеп Боррель Twitter парақшасында.

10 қалалық іздеу-құтқару командасы Түркияның жедел әрекет ету қызметіне қолдау көрсету үшін Болгария, Хорватия, Чехия, Франция, Грекия, Нидерланды, Польша Румыния елдерінен шұғыл жасақталды. Италия мен Венгрия да түрік еліне өздерінің құтқару командаларының қызметін ұсынып отыр.

«ЕО-ның төтенше жағдайларға ден қою орталығы қажеттілік туындаған жағдайда мұнан арғы қолдауды үйлестіру мақсатында Түркия билігімен тікелей байланысып отыр», - деп атап өтеді Еуропалық комиссиясының баспасөз қызметінен.

ЕО-ның «Copernicus» жерсерік жүйесі шұғыл картографиялық қызмет көрсету үшін іске қосылды.

Еуропалық одақ Түркиядағы жер сілкінісі кезінде зардап шеккен Сирия еліне де гуманитарлық көмек бағдарламасы арқылы қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты және Үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.

СІМ мәліметі бойынша, қазіргі сәтке дейін онда Қазақстан азаматтары зардап шекті деген ақпарат келіп түскен жоқ.

Соңғы мәлімет бойынша жер сілкінісі салдарынан құрбан болғандар саны 912-ге жетті.

Арнұр Рахымбеков

Фото: assets.weforum.org
Соңғы жаңалықтар