Еуроодақ көшбасшылары саммитінде вакциналау және COVID-19-дан кейінгі қалпына келтіру мәселесі қаралмақ

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Сәрсенбі күні Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишель ЕО елдерінің мемлекет және үкімет басшыларына бүгін басталатын екі күндік саммитке қатысуға ресми шақырту хаттарын жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

«Сіздерді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутеррешпен жаһандық сын-қатерлер мен геосаяси мәселелер бойынша пікір алмасудан басталатын Еуропалық Кеңесіміздің отырысына шақырғаныма қуаныштымын.

COVID-19 пандемиясынан кейін қалпына келтіру ЕО шеңберінде де, жаһандық деңгейде де маңызды тақырып болады. ЕО бойынша қарқынды жүріп жатқан вакцинация науқаны және цифрлық COVID-19 сертификатының іске қосылуы жаз айларында және одан кейінгі уақытта еркін жүруді жеңілдетеді», - делінген құжатта.

Алайда, Ш. Мишель «коронавирус мутацияларының нұсқаларын мұқият қадағалап, олардың таралуын тоқтатуды үйлесімді түрде жүргізу керек» деп ескертті.

«2021 жылдың ақпан айында келісілгендей, біз алдағы дағдарыстарға жақсы дайындалу үшін пандемиядан осы уақытқа дейін алған алғашқы сабақтармен бөлісеміз. Біз ЕО экспорт пен қайырымдылық арқылы бүкіл әлем бойынша вакцинация жұмыстарын қалай жалғастыра алатынын, сондай-ақ вакциналардың әлемдік жеткізілімін қалай арттыра алатындығын талқылаймыз», - деді Еуропалық Кеңестің басшысы.

Еуроодақ саммитінің басқа тақырыптарының қатарында көші-қон, халықаралық мәселелер блогы болады.

Бұдан басқа, кездесуге қатысушылар ЕО-ның экономикалық жандануын талқылайды, атап айтқанда, «Next Generation EU» (ЕО-ның келесі буыны) қалпына келтіру бағдарламасын қорытындылайды, пандемиядан кейін ЕО елдерінің толық және инклюзивті экономикалық жағдайына бағытталған қалпына келтіру мен тұрақтылықтың ұлттық жоспарларын келіседі.



Соңғы жаңалықтар