Еуроодақ Қазақстаннан балық өнімдерін сатып алатын болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуроодақ Қазақстан компанияларының балық өнімдерін сатып алуға дайын. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отандық балық өнімдері енді Еуропа тұтынушыларының үстелінен жиі табылатын болады. Екі апта бұрын Брюссельге жасаған сапарым кезінде ондағы Еурокомиссарлармен іскерлік кездесулер туралы айтқан едім. Біз Еуропалық Одақ елдеріне қазақстандық балық өнімдерін жеткізу туралы келіссөздер жүргізген едік. Нәтиже бар. Бүгін Еуропалық комиссия қазақстандық ветеринариялық бақылау жүйесіне деген сенімін қалпына келтіру туралы ниетін жеткізді. Бұл дегеніміз ертең, 15 наурыздан бастап қазақстандық компанияларды Еуроодаққа экспорттауға құқығы бар кәсіпорындар тізіміне енгізу рәсімін қайта бастайды. Бұл тізімде 17 отандық мекеме бар», - деп жазды министр.

Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев аталған процестің қысқаша тарихын да айтып берді.

«Осыдан 5 жыл бұрын Еурокомиссия қазақстандық балық зауыттарына аудит жүргізген болатын. Оның қорытындысы бойынша 11 ұсыныс пен ескертулер берілді, оның ішінде Қазақстанның ветеринариялық қызметі үшін де айтар кеңестері болған. Кейінгі жылдары біз осы ұсыныстары бойынша нәтижелі жұмыс істеп, ЕО-ға егжей-тегжейлі есепті жібердік. Бүгін міне, растау келді: Еуроодақ Қазақстан компанияларының балық өнімдерін сатып алуға дайын! Ендігі кезекте бал өнімдері тұр. Еуропалық комиссия бал туралы сауалнама жіберді. Егер барлық талаптар мен стандарттар сәйкес келсе, онда отандық омарташылар үшін де Еуропа нарығы ашылады деген сөз», - деп толықтырды АШМ.

Соңғы жаңалықтар