Еуроодақ Қазақстанды Шенген бойынша «қара тізімге» енгізген жоқ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын ресімдеу тәртібінде 2023 жылғы 1 наурыздан кейін айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Сондай-ақ, Еуропалық Одақ елімізді «қара тізімге» енгізген жоқ. Бұл туралы Қазақстандағы ЕО өкілдігінің ресми сайтында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ережеге сәйкес Шенген визасын беру туралы шешімді ЕО-ға мүше мемлекеттің тиісті консулдығы 15 күн ішінде қабылдайды. Аталған ереже Қазақстан үшін бұрынғы түрінде қалады.

Ерекше және жекелеген жағдайларда, яғни өтінішті егжей-тегжейлі қарау немесе қосымша құжаттарды ұсыну қажет болса, мерзім 45 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл тәртіп өтініш берушілердің азаматтығына қарамастан сол сияқты тек ерекше жағдайларда ғана қолданылады.

Қазақстан үшін жуырда ғана енгізілген алдын ала консультациялар өткізу рәсімі жеті күнге дейін созылуы мүмкін. Консультациялар стандартты рәсім бойынша 15 күнге дейін жүргізіледі. Сондықтан өтініш берушілер үшін виза беруде айтарлықтай кідіріс болмайды.

Алдын ала консультация жүргізу визалық кодекспен реттелетін стандартты рәсім. Ол бірқатар елдерге қолданылады. Шенген аймағына мүше мемлекеттер бір-бірімен кеңесу үшін жүйелі түрде қолданатын Шенген ақпараттық жүйесінде (ШИС) «қара тізім» деген ұғым жоқ. Шенген ақпараттық жүйесі аясында Қазақстан үшін алдын ала консультацияларды енгізу ЕО мен Қазақстан арасындағы екіжақты әртүрлі бағыттар және салалар бойынша серпінді дамуды жалғастыратын қарым-қатынасқа еш қатысы жоқ», - делінген хабарламада.

Виза алуға өтініш беру тәртібі туралы жалпы ақпаратты көші-қон және ішкі істер жөніндегі бас директораттың веб-сайтынан табуға болады.

Еске салсақ, осыдан бірер күн бұрын Сыртқы істер министрлігі Шенген визасына қатысты түсінік берген еді.

«Қазақстанның қандай да бір тізімге енгізілгені туралы мәселеге келетін болсақ, біз Еуропа жағынан ресми хабарлама алған жоқпыз. Алайда, жұмыс тәртібінде талқылау кезінде бізге тиісті мәлімет келіп түсті, яғни 1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтарға қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады. Бұл тұрғыда әдеттегі жұмыс процесі ескерілген. Біздің ойымызша, мұндай қадам Шенген келісіміне мүше бір елдің сұранысы бойынша іске асырылып отыр. Өйткені, Еуропа Одағының ережелеріне сәйкес, ЕО мен Шенген аймағының елдері виза алуға өтініш берген үшінші елдердің азаматтарына қатысты қосымша консультациялар бастауға құқығы бар», - деген еді аталған ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров апталық брифинг барысында.


Соңғы жаңалықтар