Еуроодақ елшілері Ресейге қарсы санкциялардың жаңа пакетін мақұлдады

None
None
ПАРИЖ. ТАСС-ҚазАқпарат - Еуроодақ елдерінің елшілері Ресейге қарсы санкциялардың бесінші пакетін мақұлдады. Бұл пакет, атап айтқанда, жеке тұлғалар мен қаржы институттарына қатысты шектеулерді, сондай-ақ Ресейден көмір әкелуге және жоғары технологиялық тауарлар жеткізуге эмбарго жариялауды қарастырады.

Тиісті шешім бейсенбі күні Францияның Еуроодақ төрағалығының Twitter-дегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ресейлік ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Ресейге қарсы өте маңызды шаралар пакеті санкцияларды жаңа салаларға салады. Атап өткенде, біз бірнеше ресейлік банктердің активтерін бұғаттау, Ресейден көмір импорттауға тыйым салу, Ресейге қарсы қару эмбаргосы, Ресейге жоғары технологиялық тауарларды экспорттауға тыйым салу туралы айтып отырмыз», - делінген мәлімдемеде.

Тыйым салынған экспорттық тауарлардың көлемі 10 млрд еуроға бағаланады, ал «шикізат пен маңызды материалдардың» импортына қойылған шектеулер 5,5 млрд еуроны құрайтын тауарларға әсер етеді.

Сонымен қатар, Ресей туымен жүзетін кемелерге Еуропа елдерінің порттарына кіруге тыйым салынады, ал Ресей Федерациясы мен Беларусьтің көлік компаниялары енді Еуроодақ аумағында жұмыс істей алмайды.

Мәлімдемеде ресейлік кәсіпкерлер мен «насихатшыларға» қатысты жаңа шектеулер бөлек жазылған. Санкциялар Ресей Қарулы Күштерінің Украинадағы арнайы әскери операциясына байланысты қауіпсіздік қызметі, әскерилер және өнеркәсіп пен технологиялық секторлардағы кәсіпорындардың қызметкерлеріне де қатысты.

«ЕО Кеңесі аталған шаралар пакетін жазбаша рәсімнің бөлігі аясында қабылдайды және ертең (8 сәуір - ТАСС) ЕО ресми журналында жариялануы тиіс», делінген хабарламада.

Бір күн бұрын Ресейге қарсы мұнай эмбаргосы ЕО-ның талқыланып жатқан санкцияларының бесінші пакетіне кірмейтіні, бірақ Еуроодақ сыртқы істер министрлері оны 11 сәуірде қарастыратыны туралы хабарланған.


Соңғы жаңалықтар