Еуроодақ Ауғанстандағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 1 млн еуро бөледі
2022 жылғы 24 маусым 11:20

Еуроодақ Ауғанстандағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 1 млн еуро бөледі

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропалық комиссия Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде 1 млн еуро бөлу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

«Ауғанстанда қазірдің өзінде ауыр гуманитарлық дағдарыс адам өліміне әкелген жер сілкінісінен ушыға түсті. ЕО-ның жергілікті жердегі қызметкерлері келтірілген шығын көлемін әлі күнге дейін бағалап жатқандықтан, алғашқы есептер 1 мыңнан астам ауғандықтың көз жұмғанын және одан да көп адам жарақат алғанын көрсетеді. Қолда бар мәліметтер бойынша зардап шеккен аудандарда тұратын 270 мың адам шұғыл көмекке мұқтаж. Осыған байланысты Еуропалық одақ 1 миллион еуро сомасында көмек көрсетті. ЕО бұдан әрі де барынша көмек көрсетуге дайын», - деді Одақтың дағдарысты жағдайларды басқару комисары Янез Ленарчич.

Қаржыландыру ауғандықтардың медициналық көмек, сумен жабдықтау, санитарлық-гигиеналық қызметтер, тұрғын үй және көп зардап шеккен қауымдастықтарды қорғау қызметтерін ұсыну сияқты шұғыл қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады.

Бұған дейін Ауғанстанда 6,1 баллдық жойқын жер сілкінісі болып, одан мыңнан аса адам көз жұмған.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT